Qarmet ИННОПРОМ-2026 көрмесінде цифрлық шешімдерін таныстырды

ТЕМIРТАУ. KAZINFORM — Qarmet компаниясы 6-9 шілде аралығында Екатеринбург қаласында өтіп жатқан XVI ИННОПРОМ-2026 халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысып жатыр.

Фото: ҚР Үкіметі

Өнеркәсіп саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі саналатын форумға әлемнің 50-ден астам елінен келген өкілдер жиналды. Ұлттық экспозицияларын Қазақстан, Индонезия, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан ұсынды.

Фото: ҚР Үкіметі

Көрмеге Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшылары — Михаил Мишустин, Олжас Бектенов, Никол Пашинян, Александр Турчин және Әдiлбек Қасымалиев қатысты. Іскерлік бағдарламаға сондай-ақ Индонезия, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және басқа да мемлекеттердің үкімет өкілдері қатысып, форумның халықаралық маңызын және өнеркәсіп саласындағы озық тәжірибелермен алмасуға арналған тиімді алаң екенін тағы бір мәрте айқындады.

Фото: ҚР Үкіметі

Қазақстандық делегация құрамында Qarmet өндірістегі қауіпсіздік пен тиімділікті арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерін таныстырды. Компания барлық көмір шахталарында енгізген персоналды позициялау жүйесі мен бейнетелематика жүйесі көрменің негізгі технологиялық әзірлемелері қатарында болды. Бұл шешімдер бүгінде кәсіпорынның өндірістік нысандарында қолданылып, компанияның цифрлық трансформациясының маңызды құрамдас бөлігіне айналған.

Ұсынылған технологиялар өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға, өндірістік процестерді жедел бақылауға және төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар өндірістік үдерістердің сенімділігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

— Биыл көрмеде нақты уақыт режимінде жерасты қазбаларындағы қызметкерлердің орналасқан жерін анықтауға, газдану деңгейі мен өндірістік үдерістерді бақылауға мүмкіндік беретін позициялау жүйесін таныстырдық. Төтенше жағдайлар туындаған кезде бұл технология қызметкерлердің нақты орналасқан орнын жедел анықтауға, олармен байланыс орнатуға және авариялық-құтқару бөлімшелерінің іс-қимылдарын үйлестіруге көмектеседі. Біз көмір өндірісін цифрландыру саласындағы тәжірибемізді халықаралық алаңда таныстырып, жетекші өнеркәсіптік компаниялармен озық тәжірибе алмасқанымызға қуаныштымыз. Qarmet үшін заманауи технологияларды енгізу — ең алдымен қызметкерлердің қауіпсіздік деңгейін арттыру, өндіріс тиімділігін, технологиялық үдерістердің сенімділігін және еңбек жағдайларын жақсарту деген сөз, — деді Qarmet компаниясының тұрақты даму және стратегиялық коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры Ербол Исмаилов.

Фото: ҚР Үкіметі

ИННОПРОМ-2026 көрмесіне қатысу Qarmet компаниясына тау-кен өндірісін цифрландыру саласындағы практикалық тәжірибесін халықаралық кәсіби қауымдастыққа таныстыруға, компанияның технологиялық әлеуетін көрсетуге және қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға, өндіріс тиімділігін күшейтуге әрі кәсіпорынның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи шешімдерді енгізу жөніндегі стратегиялық бағытын тағы бір мәрте растауға мүмкіндік берді.