- Аталған карта туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі саналады. Қазіргі таңда туристік карталар Астана мен Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларда, сондай-ақ Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекаралық бақылау бекетінде таратылып жатыр, - деп мәлімдеді ІІМ-нен.
Бұдан бөлек, шетелдік қонақтардың жайлы демалысы үшін safetravel.kz мобильді платформасы іске қосылды. Туристік картада көрсетілген QR-код арқылы бірнеше тілде ақпарат беретін арнайы порталға өтуге болады. Платформада төмендегідей маңызды мәліметтер орналастырылған:
жедел көмек қызметімен байланыс орнатуға арналған «102» мобильді қосымшасын жүктеу нұсқаулығы, оның ішінде төтенше жағдай кезінде «SOS» батырмасын пайдалану мүмкіндігі;
шетелдіктерді тіркеу және көші-қон талаптарына қатысты жадынама;
жол ақысының орташа бағасы көрсетілген такси сервистері мен мобильді қосымшалар тізімі;
ұялы байланыс операторлары мен SIM-карталардың орташа құны туралы ақпарат.
Аталған бастама елімізге келген әрбір шетелдік туристің өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне жағдай жасауға бағытталған.
Айта кетейік, министрлік туризм саласына арналған цифрлық статистика жүйесін енгізбек.