- Әр адам өз көлігінде отырғысы келеді. Бір шетелдік азаматтың маған айтқаны бар: «осы Қазақстанға келсең, 10 адам жиналса, 10 көлікпен келеді» дейді. Ол рас негізі, шындыққа жанасады. Бізде әр адам өз көлігімен жүруге тырысады, соған 18 жасынан бастап ұмтылады. Осы жерде бізге кішкене халық санасын өзгертіп, қоғамдық көліктің тиімді әрі жақсы екенін түсіндіру керек деп ойлаймын. Қоғамдық көлікті тұрғындар көбірек қолдануы керек. Сол кезде экология да дұрысталады, көліктердің газдары азаяды. Бізде электр энергиясымен жүретін қоғамдық көліктер бар. Егер де басшылықтағы адамдар қоғамдық көлікпен жүруді норма етіп көрсетіп, соны өздері қабылдаса, сол кезде тиісті нәтиже болады деп санаймын, - деді Нұрқожа Бауыржанұлы.
Оның айтуынша, қоғамдық көлік жүйесінің дамуы үлкен қалалардағы кептелістің мәселесін шешуге айтарлықтай ықпал етеді.
- Мысалы, жолдағы екі жеңіл көлік бір қоғамдық көліктің орнын алып тұрады. Біздің елде үлкен көліктерді жақсы көреді ғой, жаңағы пикап немесе жол талғамайтын басқа да автокөліктер баршылық. Неғұрлым көлік үлкен болған сайын, адам соғұрлым өзін жақсы сезінеді. Енді бұл психологияны сәл өзгертіп, адамдарды қоғамдық көлікке отырғызсақ, сол дұрыс болады. Қоғамдық көліктің санын көбейту - ол мәселе емес. Тұрғындар көбейген сайын қоғамдық көлік саны көбейеді. Бұл жерде мәселе — қоғамдық көлікке отырғысы келетін адамдар аз... Еуропада тіпті шенеуніктер де, үлкен кәсіпкерлер де велосипедпен жүреді. Астанада велосипед жолдар жақсы дамып келеді. Велосипед жолдармен ғана қаланы аралап жүруге болады. Өте әдемі жасалған, өте ыңғайлы. Алматыда да велосипед жолдары жақсы дамыған. Жазда велосипедпен жүрсе, ол денсаулыққа да пайдалы, - деді маман.
Бұған дейін хабарланғандай, Қызылордада қоғамдық көліктерге жасанды интеллект жүйесі орнатылып жатыр.