Қызылордада қоғамдық көліктерге жасанды интеллект жүйесі орнатылып жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркейтін жүйелер жедел жәрдем көліктерімен қатар қоғамдық көліктерге, оның ішінде автобустарға орнатылып жатыр.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл бастама жол жүру ережелерін бұзу деректерін дер кезінде анықтауға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
– Орнатылған мобильді ақпараттық-бағдарламалық кешендер жасанды интеллектімен, озық камералармен және радарлармен жабдықталған. Бұл – жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі, – делінген хабарламада.
Өйткені жедел медициналық көмек қызметкерлерінің науқасқа уақтылы жетуі адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады. Сондықтан жүргізушілердің жол қозғалысы қағидаларын сақтауы, арнайы мақсаттағы көліктердің кедергісіз қозғалуына мүмкіндік беруі және жолда мұқият болуы ерекше маңызға ие.
Тәртіп сақшылары қоғамдық көліктерді мұндай жүйелермен жабдықтау жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін төмендетуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді деп есептейді.
Еске салайық, Алматыда ірі жүк көліктерін бақылауды қамтамасыз ету мақсатында салмақтық және габариттік бақылау жүйелерін орнату жұмыстары жүргізіледі.