Сайлаудың нәтижесі бойынша Қазақстан бокс федерациясының халықаралық байланыстар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы қызметіне сайланды.
Комитет халықаралық турнирлерді ұйымдастыру және жарыс жүйесін жетілдіруге қатысты көптеген мәселемен айналысады. Оның міндеттеріне бокстың техникалық ережелерін әзірлеу және қайта қарау, спортшылардың жабдықтарына, салмақ дәрежелеріне және жарыс өткізуге қатысты басқа да талаптарды белгілеу кіреді.
Сонымен қатар комитет халықаралық жарыстар күнтізбесін қалыптастыру, турнирлердің өткізу форматын, әлемдік рейтинг жүйесін, спортшыларды жеребе кезінде орналастыру тәртібі мен іріктеу талаптарын әзірлеу бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ World Boxing жарыстарын өткізуге қойылатын талаптар мен қағидаларды белгілейді. Комитеттің барлық ұсыныстары мен қорытындылары Халықаралық федерацияның Атқарушы кеңесінің қарауына жіберіледі.
- Халықаралық деңгейде бокстың дамуына үлес қосу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл мен үшін зор мәртебе. Сонымен қатар Қазақстанның World Boxing ұйымындағы ықпалының артып келе жатқаны да маңызды. Конгресс барысында федерацияның алдағы дамуына қатысты көптеген мәселе қаралды. World Boxing ұйымына жаңа елдер қосылып, бокс ережелеріне аздаған өзгерістер енгізілді. Бұдан бөлек, Конгресс аясында 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысты өзекті ақпараттарды ұсындық. Көптеген ұлттық құрамалардың өкілдері 2025 жылы Қазақстанда өткен әлем кубогы кезінде елімізге келіп, Қазақстанмен танысып үлгерді. Алдағы әлем чемпионатын да жоғары деңгейде өткіземіз деген ойдамыз, - деді Рауан Игенев.
Айта кетейік, Конгресс аясында федерацияның вице-президенттері, Атқарушы кеңес мүшелері, сондай-ақ Қаржы және аудит, медицина және допингке қарсы күрес комитеттерінің төрағалары да сайланды.
Өзбекстан бокс федерациясының бас хатшысы Миршохид Тиллабоев Геннадий Головкин басқаратын World Boxing халықаралық ұйымының вице-президенті болып сайланғанын жазған едік.