«Реал Мадрид» Алматыға келді: жанкүйерлер әуежайда қалай қарсы алды

Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы әуежайына әйгілі испандық «Реал Мадрид» футбол клубының ойыншылары, бапкерлер құрамы және персоналы бар ұшақ қонды. Kazinform тілшісі жанкүйерлері жұлдыздарды қалай қарсы алғанын көріп қайтты.

Жанкүйерлер 28 қыркүйек күні таңертеңнен бастап-ақ «Реалдың» чартерлік тікелей рейспен (IB 1401, Iberia әуе компаниясы) Мадридтен Алматыға ұшып келетінін білген. Әуежайдың ресми таблосында да қону уақыты көрсетіліп, адамдар сүйікті клубын күтіп жиналды.

Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Сапар алдында «Реал Мадрид» футболшыларының қара көк түсті клубтық символикасы бар сәнді костюм киген суреттерін жариялаған еді.

Алматы әуежайы әдеттегідей адамға лық толы болды. Халықаралық рейстер жолаушыларын қарсы алу аймағында арнайы келген жанкүйерлер жиналды. Алайда көпшілікті күткендей болмады – «Реал Мадрид» ойыншылары әдеттегі есіктен емес, оңтүстік ВИП арқылы шықты.

Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Дегенмен, ВИП аймағында жанкүйер әлдеқайда көп болды. Олар қоршаудың ар жағынан ұшақты көруге, кейін футболшыларды шығаберісте қарсы алуға тырысты. Ұзақ күткен соң ВИП-терминалдан шыққан футболшылар автобустар мен көліктерге отырып, қонақүйге жол тартты.

Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Әуежайдан қалаға қарай бағыт алған кезде адамдар жол бойына тізіліп, «Реалды» ыстық ықыласпен қарсы алды.

Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.

Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Еске сала кетейік, 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы Чемпиондар лигасы матчы өтеді.