Референдум өткізуге үгіт кезінде Қазақстан заңнамасын бұзудың 54 дерегі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Референдум өткізуге үгіт кезінде Қазақстан заңнамасын бұзудың 54 дерегі анықталды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов айтты. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Референдум өткізу жарияланған сәттен бастап, құқықтық мониторинг 68 республикалық БАҚ пен 229 танымал интернет ресурсты қамтыды. Мониторинг БАҚ пен онлайн платформаларды пайдаланушылардың 3 негізгі талапты сақтауына қатысты жүргізілді.

Бірінші талап — анонимді үгіт материалды орналастыруға тыйым салу, яғни оларды шығарған ұйым туралы, басылған орны мен таралымы, сонымен қатар шығаруға жауапты тұлға туралы мәліметтер көрсетілмеген, тиісті таңбасы жоқ материалдарды жариялауға жол бермеу.

Екінші талап — қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу тәртібіне қойылатын талаптарды қатаң сақтау.

Үшінші талап — конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, әлеуметтік нәсілдік, діни, және рулық артықшылықты насихаттауға, сондай-ақ қатігездік пен зорлық-зомбылыққа үгіт жүргізуге жол берілмейді, — деді ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, үгіт жүргізу кезіне мониторинг жүргізу барысында «Республикалық референдум туралы» және «Сайлау туралы» заңдарын бұзудың 26 дерегі анықталды.

Оның ішінде 24 бұзушылық онлайн платформаны пайдаланушылар тарапынан орын алса, ал 2 екі бұзушылықты интернет басылымдар жіберген. Барлық анықталған заң бұзу қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалар мен олардың нәтижелерін орналастыруға қатысты болды. Аталған мәліметтер Бас прокуратураға жолданды.

— Сонымен қатар үгіт кезінде Қазақстан заңнамасын бұзудың 54 дерегі анықталды. Аталған материалдар бойынша уәкілетті орган тарапынан онлайн платформа иелерінің атына қарастыру және тиісті шешім қабылдау үшін Ішкі істер министрлігіне жіберілді, — деді Қанат Ысқақов.

Айта кетейік, референдум күні қоғамдық пікірге сауал салу дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте өткізілмейді.