Оның сөзінше, учаскелерде ақпараттық материалдарды Брайль қарпімен ұсыну, аудио форматтағы түсіндіру құралдарын беру мүмкіндіктері қарастырылған. Сондай-ақ тактильді бағыттаушы көрсеткіштер орнатылған.
— Учаскелерде арнайы жабдықталған бұрыштар ұйымдастырылған. Олар компьютерлер, құлаққаптар және үлкейткіш құралдармен қамтамасыз етілген. Қозғалыс-тірек мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін кеңейтілген дауыс беру кабиналары, пандустар, көтергіш құрылғылар, кіреберістегі шақыру батырмалары және автокөліктерге арналған арнайы тұрақ орындары қарастырылған. Жалпы алғанда, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың референдумға тең негізде қатысуы үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілген, — деді Нұрлан Әбдіров.
Айта кетейік бұған дейін республикалық референдумға 359 халықаралық байқаушы тіркелгенін жазғанбыз.