7 жылдағы экономикалық өсім
Соңғы жылдары Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берді.
Статистиканы сараласақ, өткен жылы елдің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өскен. Номиналды ЖІӨ жеті жылда 181,7 млрд доллардан 305,9 млрд долларға дейін ұлғайып, жан басына шаққандағы көрсеткіш 9,8 мың доллардан 15 мың долларға жетті.
Экономиканың құрылымы да өзгеріп келеді. Жеті жылда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2,5 еседен астам өсіп, 30,63 трлн теңгеге жетті. Саланың ЖІӨ-дегі үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға артса, өндіруші сектордың үлесі 14,5%-дан 12%-ға төмендеді. Бұл өндіріс салаларының экономикадағы орны біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді.
Өндірістің дамуы инвестиция көлеміне де әсер етеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция 12,6 трлн теңгеден 22,7 трлн теңгеге дейін өсті. Қаражат өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға, логистикаға және агроөнеркәсіптік кешенге бағытталды. Инфрақұрылымды дамыту аясында 2025 жылы 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.
Көлік инфрақұрылымын жаңғырту елдің транзиттік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз арқылы жүк тасымалы бес есе өскен. Сонымен қатар шамамен мың шақырым жаңа теміржол салынып, 9,5 мың шақырым автомобиль жолы жөнделді. Бұл жобалар ішкі көлік байланысын жақсартып, халықаралық тасымал мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
Алайда экономикалық өсімнің нәтижесі тек өндіріс пен инфрақұрылым көрсеткіштерімен өлшенбейді. Оның халықтың күнделікті өміріне әсері де маңызды. Сондықтан әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, халықтың тұрмыс сапасы ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала береді.
Әлеуметтік саясаттағы нәтиже
Өткен жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінген. Бұл - бюджет шығыстарының 36,5%-ы. Әлеуметтік қолдау шараларында көмекке мұқтаж азаматтарды анықтауға және төлемдердің тиімділігін арттыруға басымдық берілді. Осы мақсатта отбасылардың жағдайын бағалауға арналған цифрлық құралдар енгізілді.
Әлеуметтік саясаттың нәтижесі білім мен денсаулық сақтау салаларының дамуынан да көрінеді. Соңғы жылдары білім беру мен ғылымға жұмсалатын қаражат бес есе, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған инвестициялар 3,7 есе өсті. Елде өмір сүру ұзақтығы 2019 жылмен салыстырғанда үш жылға артып, 76 жасқа жуықтады.
Ұзақ мерзімді әлеуметтік қолдаудың тағы бір бағыты – балалардың болашағына инвестиция салу. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі жыл сайын балалардың шотына аударылып жатыр. Олар бұл қаражатты 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Ал 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету шараларын біріктіреді.
Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін инфрақұрылым да жаңартылып жатыр.
Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 1 триллион теңгеден астам қаражатқа 465 әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр. Бұл қаражат арнайы мемлекеттік қор арқылы өңірлердегі мектеп, аурухана, су жүйелері мен спорт нысандарының құрылысына бағытталған.
Ауыл әкімінен Құрылтайға дейін: саяси жүйедегі жаңа тетіктер
Мемлекет дамуы экономикалық көрсеткіштермен қатар, саяси жүйедегі өзгерістерден де көрінеді. Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған реформалар қолға алынды.
Биыл қабылданған Жаңа Конституция, бір палаталы Парламентке көшу, Вице-президент институтының енгізілуі және Қазақстан Халық Кеңесін құру осы бағыттағы маңызды өзгерістердің қатарында.
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботаревтің айтуынша, елімізде демократияның үш нысаны – плебисциттік, өкілді және кеңесші демократия қатар дамып келеді. Әрқайсысы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуының жеке тетіктерін қамтиды.
Плебисциттік демократияның негізгі құралы – жалпыхалықтық референдум. Сарапшы 2022 жылғы конституциялық өзгерістерге, 2024 жылы атом электр станциясын салу мәселесіне және 2026 жылы жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдумдарды мысалға келтірді.
– Жаңа Конституцияда жалпыхалықтық референдум институтының бекітілуі ерекше маңызға ие. Бұл халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы екенін көрсетеді, – деді Андрей Чеботарев.
Өкілді демократияны дамыту аясында 145 депутаттан тұратын Құрылтай құру, заң жобаларын кемінде үш оқылымда қарау және заң шығару жұмысына қоғамдық бірлестіктер мен сарапшыларды тарту көзделген. Бұл өзгерістер заңнаманы талқылау барысында түрлі қоғамдық топтардың ұстанымдарын ескеруге бағытталған.
Саяси қатысудың тағы бір тетігі – жергілікті басқару жүйесі. Жақында Варшавада өткен Адами өлшем жөніндегі конференцияда қоғамдық саясат және мемлекеттік басқару саласының сарапшысы Сабина Сәдиева еліміздегі ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесінің нәтижелеріне тоқталды.
– Сайлау ауылдық жерлердегі басқару жүйесін өзгертіп, бәсекелестікті күшейтті. Бір лауазымға үштен тоғызға дейін кандидат үміткер болады. Сондай-ақ өз бетінше ұсынылатын тәуелсіз кандидаттардың саны артқанын байқаймыз. Бұған қоса сайланған әкімдер бюджет қаражатын үнемді жұмсап, жергілікті қауымдастықтармен өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін қалыптастыра бастады, – деп атап өтті.
Мемлекеттік басқаруға қоғамның қатысуын кеңейту Қазақстан Халық Кеңесінің жаңа өкілеттіктерінен де көрінеді. Институтқа заң шығару бастамасын көтеру және референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу құқығы берілді. Бұл тетіктердің нәтижесі азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық пікірді ескеруге және мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттыруға қосқан үлесімен айқындалады.
Еңбек адамы – ел дамуының тірегі
Экономикалық өсім, әлеуметтік қолдау және саяси жаңғырудың түпкі мақсаты – азаматтардың өмір сапасын жақсартып, әр адамның өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Осы тұрғыдан алғанда, адам капиталының дамуы білім беру мен денсаулық сақтау салаларымен ғана шектелмейді. Ғылымды дамыту, кәсіби тәжірибені ұштастыру және жаңа буын мамандарын қолдау да елдің ұзақ мерзімді өркендеуіне ықпал етеді.
Отандық ғылымға жарты ғасырдан астам уақытын арнаған ғалым Қанат Ақшаловтың еңбек жолы осының бір мысалы. Оның қызметі А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығымен тығыз байланысты. Ғалым егін шаруашылығының тиімділігін арттыру, жер ресурстарын ұтымды пайдалану және ғылыми әзірлемелерді Солтүстік Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына бейімдеу бағытында еңбек етіп келеді.
Аграрлық ғылымдағы мұндай зерттеулердің маңызы – ғылыми ізденістерді нақты өндірістік тәжірибемен ұштастырып, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосу. Ал осы бағыттағы нәтижелерді жалғастыру үшін жас зерттеушілерге қолдау көрсетіп, ғылымдағы тәжірибе сабақтастығын сақтау қажет.
– Отандық ғылымның жетістіктерін әлемдік деңгейде таныстыруға, жаңа шешімдер іздеуге, ізденуге мүмкіндік мол. Жас зерттеушілерді қолдау, олардың бастамаларына жол ашу, ғылымдағы сабақтастықты сақтау ел дамуындағы маңызды жетістіктердің бірі деп білемін, – деді ол.
Ғалымның тәжірибесі ел дамуының маңызды ресурстарының бірі – кәсіби білім мен адам еңбегі екенін көрсетеді. Бұл қағида кез келген салаға ортақ: инженер жаңа технологияларды енгізеді, мұғалім білім береді, дәрігер адам өмірін сақтайды, ал ғалым өндіріс пен қоғамға қажетті жаңа шешімдер ұсынады. Әр маманның еңбегі елдің экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосады.