«Регион-10»: Қостанай облысында еріктілер жасағы жеті жылда 473 адамды аман алып қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Регион-10» ерікті іздестіру-құтқару жасағы осы уақыт ішінде 621-ден астам операцияға қатысып, 473 адамды аман табуға көмектесті.

Фото: Kazinform

ҚР Мәдениет және ақпапат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде жасақ құрамында 18 жастан асқан 180-нен астам белсенді волонтер мен 30 жасөспірім бар. Олар тәулік бойы ақысыз көмек көрсетеді.

Еріктілер жоғалған адамдарды қала аумағында да, табиғат аясында да іздестіреді. Сонымен қатар жаңа қатысушыларды оқытып, алдын алу шараларын ұйымдастырады және төтенше жағдайлар кезінде көмекке келеді.

«Регион-10» полициямен, Төтенше жағдайлар департаментімен, жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Жасақ мүшелері өрт пен су тасқынының салдарын жоюға, гуманитарлық акцияларға, бірлескен оқу-жаттығуларға және қауіпсіздік рейдтеріне қатысқан.

-Осы жылдар ішінде жасақтың қызмет аясы кеңейді. Лисаковск пен Рудный қалаларында оның филиалдары ашылды. Ал 2024 жылы жаңа волонтерлерді даярлауға арналған штаб жұмысын бастады,-делінген хабарламада.

Осыған дейін елімізде волонтерлік тәжірибенің еңбек өтіліне есептелуі мүмкін екені туралы жаздық.