Ресей мен Украина келіссөздеріне қатысатын Еуропа делегациясының құрамы белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Еурокомиссия мен Еуропалық кеңес 10-11 қарашада Абу-Дабиде өтетін Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздерге жоғары лауазымды шенеуніктерден құралған бірлескен делегациясын жібереді. Бұл туралы Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Anadolu

Еуропалық одақ делегациясын Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің аппарат басшысы Бьорн Зайберт пен Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштанын сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі Анна-Мария Бура басқарады.

ЕО институттарының өкілдеріне Франция, Германия және Ұлыбритания делегациялары да қосылады. Олар E3 форматы бойынша қатысады.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін еуропалық өкілдердің келіссөздерге қатысатынын растады. Еуропалық кеңестің баспасөз хатшысы да бұл ақпаратты растады.

Бұған дейін Еурокомиссия мен Еуропалық кеңес Ресей делегациясымен тікелей диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеген. Алайда мұндай келіссөздердің Абу-Дабиде өтетіні әзірше белгісіз.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер келіссөздерде оң нәтиже болса, оған қатысатын тараптар санын арттыруға болатынын айтты. Алайда бұл Абу-Дабидегі кездесуде жүзеге аса ма, әлде кейінгі келіссөздерде ме, ол жағы нақтыланбады.

Euronews мәліметінше, Украина делегациясын Сыртқы барлау қызметінің басшысы Рүстем Умеров басқарады. Оның құрамына президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, орынбасары Сергей Кислица және биліктегі партияның парламенттік фракциясының жетекшісі Давид Арахамия кіреді.

Ресей атынан келіссөздерге президент көмекшісі Владимир Мединский мен Сыртқы істер министрінің орынбасарлары Сергей Рябков және Михаил Галузин қатысады.

АҚШ делегациясының құрамында арнайы өкілдер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер болады.

Бұған дейін Франция Ресей, АҚШ және Украина арасындағы Абу-Даби келіссөздеріне Еуропа өкілдері қатысатынын мәлімдеген еді. Сол кезде Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро делегациялардың нақты құрамын және олардың келіссөздерге қатысу форматын ашып айтпаған.