Ресей Президенті Каспий теңізінің тартылу мәселесіне қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Президенті Владимир Путин Каспий теңізі суының азаю проблемасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі туралы сұрақты ӘзерТАГ агенттігінің өкілі Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында халықаралық ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесуде көтерді.
— Алдын ала зерттеулер су деңгейінің күрт төмендеуі жалғасып жатқанын көрсетіп отыр. Каспий теңізіндегі судың 80 пайыздан астамы Еділ өзенінен келетінін ескерсек, бұл - елеулі мәселе. Осы бағытта Ресей тарапы қандай шаралар қабылдап жатыр? — деп сұрады агенттік өкілі.
Владимир Путин бұл мәселенің расында өте маңызды екенін және бірлескен шешімдер қажет екенін атап өтті.
— Бұл мәселені Әзербайжан Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиев көтерді. Мен бірден назар аудардым, өйткені бұл жағдай біршама назарымнан тыс қалып қойған екен. Бірақ мәселенің көлемі өте ауқымды, тіпті жаһандық сипатқа ие деуге болады. Біз Арал теңізімен болған қайғылы жағдайды білеміз. Сондықтан мұндайда уақыт оздырмай, келісілген шешімдер қабылдау қажет, — деді Ресей Президенті.
Оның айтуынша, Ресей үкіметіне қажетті тапсырмалар берілген, ал әзербайжандық тараппен бірлескен жұмыс жалғасуда.
— Мұнда ең бастысы – секірмелі, науқандық шаралар емес, табанды әрі жүйелі жұмыс қажет. Жалпы, табиғи құбылыстарға қарсы тұру мүмкін бе, білмеймін. Еділ өзені атырабындағы адам әрекетінен бөлек, мұнда жаһандық сипаттағы басқа да себептер болуы мүмкін. Тарихта мұндай құбылыстар талай рет болған: бірде Каспий көтеріледі, бірде суы қайтадан азаяды. Сондықтан нақты себептерді анықтап, қайтымсыз салдарға жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет, — деп түйіндеді Владимир Путин.
Айта кетейік, осы жиында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының 95%-ға жуығы ұлттық валюталармен жүзеге асырылатыны айтылды.
Бұған дейін Владимир Путин Иран мен Израиль арасындағы жанжалды шешудің жолы туралы айтты.
Сондай-ақ Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуда ешқандай қиындық жоқ екенін жеткізді.
Ресей Президенті ҰҚШҰ қызметінің ешқашан үшінші елдерге қарсы бағытталмағанын мәлімдеді.
Ресей Қазақстанмен энергетикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.
Путиннің пайымынше, ЕАЭО елдері бірыңғай энергетикалық нарыққа әлі дайын емес, бірақ біз соған бара жатырмыз