Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздер 10-11 қарашада Абу-Дабиде өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздердің жаңа кезеңі 10-11 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтеді. Мұны АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Report

Уиткоффтың айтуынша, келіссөздер АҚШ-тың делдал болуымен жұмыс топтары деңгейінде өтеді. Бұл кездесу Дональд Трамп әкімшілігінің Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бастамаларының бір бөлігі болмақ.

— Талқылаулар соғыстан кейінгі қауіпсіздік, шиеленісті бәсеңдету, гуманитарлық бастамалар және бейбітшілікке бастайтын келесі қадамдарға арналады, — деп жазды АҚШ президентінің арнайы өкілі X әлеуметтік желісінде.

Бұдан бөлек, осы аптада америкалық келіссөз жүргізушілер Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен кездеседі. Тараптар Украинаның қауіпсіздік кепілдіктерін, Еуропадағы болашақ қауіпсіздік жүйесін және елді қалпына келтіруге экономикалық қолдау көрсету мүмкіндіктерін талқылайды.

Уиткофф бұған дейін Киев, Осло және Санкт-Петербургте өткен кездесулердің нәтижесін ескере отырып, келіссөздер үдерісі одан әрі ілгерілейді деген үміт білдірді.

Еске салайық, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин қараша айының бірінші жартысында АҚШ пен Украина қатысатын үшжақты келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеген еді. Бұл туралы Ресей басшысының көмекшісі Юрий Ушаков 21 қазанда Санкт-Петербургте Путиннің АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесуінен кейін айтқан еді. Оның сөзінше, келіссөздердің негізгі тақырыбы Ресей мен Украина үшін қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру болуға тиіс.