Ресейде әйелдердің жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту ұсынылды

Фото: Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Әйелдер отбасына көбірек уақыт бөлу үшін жұмыс күнін кем дегенде бір сағатқа қысқарту керек. Мұндай пікірді Мемлекеттік Думаның депутаты Игорь Антропенко білдірді, деп хабарлайды ТАСС.

Игорь Антропенконың атап өтуінше, қазір әрбір бала кем дегенде бір қосымша білім беру үйірмесіне немесе спорт секциясына барып жүр, ал кейбір бала бірнешеуіне қатысады.

— Кешкі сағат 18:00–де жұмыстан шығып, балаларды үйірмеге апару өте қиын, ол көбінесе бір уақытта, ал кейбіреулері одан да ертерек басталады. Соның салдарынан балалардың анасы шаршайды, бұл өскелең ұрпақ үшін ең жақсы үлгі емес. Жас қыздар мұны қаламайтынын айтып, қазірдің өзінде балалы болмайтынын мәлімдеп жатыр, — деп түсіндірді депутат.

Антропенко отбасы, үйі, бала-шағасына байланысты алаңдаушылық кейде әйелдерді жұмыстан кетуге мәжбүр ететінін және бұл бәріне бірдей жарамайтынын атап өтті. Парламент мүшесінің атап өтуінше, әйелдің отбасы мен бала-шағасы болмаса да, мысалы, жұмысқа дайындалу үшін күніне қосымша сағат қажет.

— Ер адамға қарағанда әйелге әлдеқайда көп уақыт керек. Біз адамзаттың ең әдемі жаратылысы туралы айтып отырмыз ғой! Демографияны көтеру мәселесі бар, ал жас қыз күні бойы жұмыста болып, үйіне шаршап қайтса, жеке өмірін құруға қашан үлгереді? Жалақыны сақтай отырып, нәзік жандылар үшін жұмыс күнін кем дегенде бір сағатқа қысқарту орынды және уақытылы деп санаймын, — деп түйіндеді сөзін депутат.

Бұған дейін Ресей азаматы араға 59 жыл салып Астанада анасымен қауышқанын жазған едік.