ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясы Астрахань облысы Володар ауданының Құрманғазы атындағы мәдениет орталығында «Звучи, моя домбра!» атты аймақаралық домбырашылар байқауы мәреге жетті.
БҚО халық шығармашылығы орталығынан түскен мәліметке қарағанда, дәстүрлі күйшілер сайысына облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Бөкей ордасы аудандық мәдени-демалыс орталығының қызметкерлері Жасұлан Абаханов пен Азамат Зайнуллин қатысты. Байқау қорытындысында Жасұлан екінші жүлдені иеленсе, Азамат үшінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, аталмыш байқау 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Бастапқыда облыстық деңгейде болса, кейін аймақаралық сайыста Астраханьмен қатар қазақстандық домбырашылар да бақ сынауда. Байқаудың құрылтайшылары мен ұйымдастырушылары - Астрахань облысы мәдениет және туризм министрлігі, қазақ мәдениетін дамыту қоры, Астрахань облыстық «Жолдастық» ұйымы, Құрманғазы атындағы мәдениет орталығы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).