Ресейдегі қарттар үйі өлімге әкелген тұмау салдарынан уақытша жабылды

Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Калининград қаласында қарт адамдарға арналған орталықтың қызметі 80 тәулікке тоқтатылды. Бұған мекемеде тұмау ауруының тіркелуі, соның ішінде өлім жағдайының орын алуы себеп болды, деп хабарлайды ТАСС.

Калининград облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының мәліметінше, «Калининград пансионаты» ЖШҚ-да тұратын төрт адамда тұмау дерегі анықталған. Олардың бірінде ауру медициналық көмекке жүгінбестен өліммен аяқталған.

«Жауапты мекеме осы оқиғаға байланысты эпидемиологиялық тергеу жүргізді. Сот “Калининград пансионаты” ЖШҚ-ны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оның қызметін 80 тәулікке әкімшілік тәртіппен тоқтату туралы шешім шығарды», – делінген хабарламада.

Тексеру барысында мекемеде заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, тамақ дайындау жұмыстарына мекемемен еңбек қатынасында тұрмайтын, медициналық кітапшасы жоқ, жұмысқа рұқсаты мен вакцинациядан өткені туралы деректері, сондай-ақ кәсіби гигиеналық даярлығы мен аттестациясы болмаған адамдар тартылған.

Сонымен қатар жарамдылық мерзімі 2025 жылғы қараша-желтоқсан айларында өтіп кеткен ет өнімдері табылған. Ас үй мен тағам дайындауға арналған құрал-жабдықтардан алынған шайындыларға жүргізілген зертханалық тексеру жуу және дезинфекциялау талаптарының сақталмағанын көрсетті. Нәтижесінде ішек таяқшасы тобына жататын бактериялар анықталған.

Калининград облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасының қызметкерлері пансионат тұрғындарын медициналық тексеруден өткізіп, кейбір тұрғындарда жұқпалы ауру белгілерін, оның ішінде қышыма деректерін тіркеген.

Қазіргі таңда жұқпалы ауру белгілері бар адамдарды жедел түрде ауруханаға жатқызу ұйымдастырылған. Ал қалған тұрғындар мемлекеттік әлеуметтік мекемелерге көшірілген.

«Калининград пансионаты» ЖШҚ қарт адамдарға уақытша тұруға арналған орындарды ақылы негізде ұсыну, гигиеналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету, сондай-ақ тамақтандыруды ұйымдастыру қызметтерін көрсетіп келген.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейде тоғыз нәрестенің өлімінен соң перзентхана жұмысын тоқтатқан болатын.