Бұл жолы қазақстандық клуб Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездесті.
Ойын барысында екі команда бірінші кезеңде гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Дегенмен көптеген мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Нәтижесінде бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңді ресейлік хоккейшілер қарқынды бастады. Ойынның 21-минутында Денис Зернов «Металлургты» алға шығарды. Оған 26-минутта «Барыс» хоккейшісі Энтони Луис бір голмен жауап қайырды.
Ал 27-минутта Максим Карпов қайтадан «Металлургтың» басымдығын арттырса, 29- минутта қазақстандық клубтан Аркадий Шестаков таразы басын теңестірді.
Ойынның 38-минутында ресейлік клубтан Джош Керри мергендік танытты. Ал 43-минутта Данила Юров есепті үстемелей түссе, ойынның бітуіне санаулы секунд қалғанда екінші шайбасын соқты.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:5 есебімен есе жіберді.
Турнир жеңімпазы «Трактор» (Челябинск) және «Автомобилист» (Екатеринбург) командалары арасындағы кездесуден кейін белгілі болады.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Барыс» «Автомобилист» (Екатеринбург) командасынан басым түскен болатын.
Сондай-ақ, екінші кездесуінде «Трактор» (Челябинск) қарсыласына есе жіберді .
Енді елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы ойындарын бастайды. Алғашқы кездесуін 3 қыркүйекте Беларусьте «Динамо» (Минск) командасына қарсы өткізеді.
Фото: пресс-службы ХК «Барыс»