Ресейліктердің миллиондарын ұрлаған 59 жастағы ақтөбелік әйел ұсталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік күдікті Ресейдегі салымшылардың есепшотынан миллиондарды ұрлап, Қазақстанда жасырынып жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Іздеу» алдын алу шарасы өтіп, Ресей полициясының хабарлауымен 59 жастағы күдікті ұсталды. Алға қаласының тұрғыны Ресейдің Челябі облысы, Магнитогорск қаласында «УралСИБ» ААҚ салымшыларының есепшотындағы 155 миллион рубльді, кейін 5 миллион рубльді алып кеткен. Халықаралық іздеуден соң ол Ақтөбе облысынан табылды.

«Криминалдық полиция басқармасы күдіктіні Алға қаласынан ұстап, уақытша тергеу изоляторына қамады. Оны ресейлік полицияға береді. Ал «Іздеу» алдын алу шарасы кезінде облыста қылмыстық іске қатысы бар 14 күдікті ұсталды. Оның бесеуі ТДМ елдері аумағында іздеуде жүр. Сонымен қатар із-түзсіз жоғалып кеткен 8 адам табылды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.