Ресейлік ғалымдар динозаврдың жаңа түрін анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Динозаврдың жаңа түрі «Манипулоникс» деп аталады. Ол өзінің ерекше тырнағын туыстарының жұмыртқаларын ұрлау үшін пайдаланған, деп хабарлайды РИА Новости.
Бұл туралы Ресей ғылым академиясы Борисяк атындағы палеонтологиялық институтының директоры Алексей Лопатин мәлімдеді.
— Манипулоникстің алдыңғы қысқа аяқтары ерекше қызмет атқарды. Ол үлкен тырнақ пен бірнеше қосымша тікенектің көмегімен үлкен динозаврлардың жұмыртқаларын тесіп, табандарында ұстаған, — дейді ғалым.
РҒА профессоры Александр Аверьяновтың айтуынша, бұрын үлкен тырнақ динозаврға термиттер мен жәндіктерді жерден алу үшін берілген. Олар көл мен өзен жанында өмір сүрген.
— Біздің жаңа реконструкциямызға сәйкес, манипулоникс және оның туыстары жұмыртқа жеуге маманданған түнгі кішкентай жыртқыштар болды, — дейді А. Аверьянов.
Миниатюралық жыртқыш динозаврдың қаңқасын палеонтологиялық институттың қызметкері Валерий Решетов Моңғолиядағы Гоби шөліндегі Гермин-Цавтың Борлы жерінде бірлескен кеңестік-моңғол палеонтологиялық экспедициясының жұмысы кезінде тапты.
Еске сала кетейік, Италия тауларында мыңдаған динозавр ізі табылды. Ғалымдар бұл іздердің пайда болғанына шамамен 210 миллион жыл болған деп есептеді.