Ресейлік сарапшы Қазақстан Президенті Жолдауының әлеуметтік басымдықтарына баға берді

МӘСКЕУ. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы қоғам мен мемлекеттің өзекті мәселелерін шешуге биліктің барлық тармағын жұмылдыруды көздейді. Бұл туралы ресейлік саясаттанушы, Әлеуметтік зерттеулер сарапшылық институты департаментінің директоры Алексей Власов Kazinform агенттігінің Мәскеудегі меншікті тілшісіне айтты.

Фото: Алексей Власовтің жеке архивінен

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиында Алексей Власов Президент сөзінде әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Сарапшы Жолдауда Қазақстанның жаңа саяси кезеңге қадам басқаны да айқын көрінетінін айтты. Бұған дейін елде шамамен бір жылға созылған өзгерістер болды. Осы кезеңде жаңа Конституция қабылданып, Құрылтай сайлауы өтті, мемлекеттік басқару жүйесінде құрылымдық өзгерістер жасалып, бірқатар маңызды мемлекеттік органдардың басшылық құрамы жаңарды. Ендігі басты міндет – алға қойылған мақсаттарды іс жүзінде жүзеге асыру.

– Жолдаудың мазмұнына жалпы баға берсем, ең алдымен қойылған мақсаттардың өміршеңдігін атар едім. Басымдықтарды айқындап қана қоймай, оларға жетудің нақты жолдарын ұсыну да маңызды. Президент сөзінде «халық» пен «әділдік» ұғымдарына ерекше мән берілгені назар аудартады. Бұл мемлекеттің азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескеруге ұмтылатынын көрсетеді, – деді ол.

Алексей Власов жастарды қолдаудың маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, халықтың мұқтаж топтарына бағытталған әлеуметтік саясат пен қолжетімді инфрақұрылым азаматтардың болашаққа деген сенімін нығайта алады.

– Ақша – тек құрал. Ең бастысы, мемлекет қаржыны қандай жобаларға жұмсайтыны маңызды. Бұл – жолдар, мектептер, ауруханалар салу, сапалы медициналық көмек пен қолжетімді білім беру. Осындай инвестициялардың арқасында адамдар экономикалық дамудың нақты нәтижесін сезіне алады, – деді сарапшы.

Власовтың пікірінше, Жолдауда айтылған басымдықтарды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Бюджет және салық саясаты, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау, ел ішіндегі инвестицияларды арттыру сияқты бағыттардың барлығы нақты әлеуметтік және экономикалық нәтижеге жеткізуі тиіс.

Бұған дейін түркиялық сарапшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы Қазақстан дамуының жаңа бағыттарын айқындайтынын айтқан еді.