Ресеймен келісім негізінде Өскеменде салынатын жылу орталығы қандай отынды қолданады

Ресеймен келісім негізінде Өскеменде салынатын ЖЭО әуелде көмірмен жағылып, кейін газға көшірілуі мүмкін. Бұл туралы қала тұрғындарымен кездескен ШҚО әкімі Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Осыған дейін Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарының форумында еліміздің 3 қаласында, оның ішінде Өскеменде жылу электр орталығының құрылысы жүргізілетіндігі туралы айтылған. Ермек Көшербаев қазіргі уақытта көрші елмен Энергетика министрлігі келіссөз жүргізіп жатқанын мәлім етті.

«Өскемен қаласының сол жағалауының жаңадан салынған аудандары үшін бұл өте қажет. Себебі бүгінде жылу энергиясының тапшылығы сағатына 232 Гкал құрайды. Жаңа жылу электр орталығы әуелде көмірмен жағылады деп күтілуде. Алайда кейіннен оны газға көшіру көзделген», - деді облыс әкімі.

Алайда қала тұрғындары көмірмен жағылатын тағы бір ЖЭО-ның онсыз да мүшкіл экологиялық жағдайды одан сайын қиындатып жібере ме деп алаңдайды.

Таяуда бұл мәселеге орай Kazinform тілшісіне энергетик Айбек Ақаев сұхбат берген еді.