Елімізде АЭС салына ма - сала маманы жауап берді

сала маманы
Фото: Айбек Ақаевтың жеке мұрағатынан

Жыл сайын желтоқсан айының үшінші жексенбісінде елімізде Энергетиктер күні атап өтіледі. Маңызы зор салада маңдай терін төгіп жүрген бұл мамандарды халықтың көбі жарық немесе жылу өшкенде ғана еске алады. Ал шынтуайтында, олардың жұмысы күнделікті өмірімізге тікелей қатысты. Осы ретте, Kazinform тілшісі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Энергетика факультетінің деканы Айбек Ақаевты әңгімеге тартқан болатын. Ол бізге өңірдегі энергетика саласының жай-күйін, Риддер ЖЭО-дағы апаттардың себебін, елімізге атом электр стансасының қаншалықты қажеті бар-жоғын айтып берді.   

– Энергетика саласына қызығушылығыңыз қалай оянды?

– 1981 жылы бұрынғы Семей облысы Ақуат ауданында дүниеге келдім. Социалистік деп аталатын ауылдағы Гагарин атындағы мектепте білім алдым. 90 жылдары ауылда жарық жиі өшіп қалатын. Ол кезде себебін түсінбейміз ғой. Әйтеуір кешке үйге келіп сабақ қарайын десек жарық жоқ. Майшам жағуға тура келетін. Сыныптағы оқушылар түгел жиналып, басшылыққа осы туралы хат та жазған болатынбыз. Мөлшері 5-6 сыныпта оқимын. Үнемі бәріне «Өскенде электрші болып, ауылдың жарық мәселесін шешемін» дейтінмін. Сөйтіп, осы салаға бет бұрдым.
1998 жылы мектепті қызылға бітірген соң, Павлодардағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетке инженер электрші мамандығына оқуға түстім. Бес жылдан кейін қолыма диплом тиді. Сол уақытта университетте 5-курстан еді. Өз жоспарым бойынша мамандығыма сәйкес жұмыс іздей бастадым. Бірақ жоғары оқу орнындағы ұстаздарым күтпеген ұсыныс жасады. «Сен осында қалсаңшы. Өндіріске кез келген уақытта бара аласың. Одан да бізде сабақ бер. Кафедраға мұғалім бол» деді. Ойлана келе келісімімді бердім.

Қызмет баспалдағының барлық сатысынан өтіп, декан орынбасарлығына тағайындалдым. Ал 2017 жылы Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға шақырту алып, осында ауысып келдім. Бүгінде сол университетте Энергетика факультетінің деканымын. 

– Энергетиктерді дайындауда басқа жоғарғы оқу орындарынан қандай өзгешеліктеріңіз бар?

– Бізде бұл салаға көп көңіл бөлініп жатыр. 2018 жылы университеттің құрылғанына 60 жыл толғанда Энергетика кафедрасы факультетке айналды. Өңірдегі кәсіпорындардың басшылары, Шығыс Қазақстандағы энергетика саласының ардагерлері келіп, салтанатты іс-шара өткіздік. Баяндама жасап, алдағы жоспарларымызды айттым. 

ШҚО
Фото: Айбек Ақаевтың жеке мұрағатынан

– Қазір сол жоспарларыңыз іске асып жатыр ма?

– Ең негізгі мақсаттардың бірі – факультеттегі кадрлық құрамды бекіту, энергетикалық мамандықтарды аккредиттеуден өткізу болды. Одан кейін кәсіпорындармен өзара ынтымақтастықты күшейтіп, диплом алған соң бірден жұмыспен қамтылған студенттердің санын арттыру міндеті тұрды. «Электоэнергетика», «Жылу энергетикасы» мамандықтары бакалавриат, магистратура бойынша ASIIN халықаралық неміс агенттігінің аккредиттеуінен 5 жылға сәтті өттік. Талап өте қатаң. Бірақ сол аккредиттеудің пайдасы көп. Мәселен, түлектеріміз Еуроодақ елдеріне барса дипломды нострификациялау рәсімін өтпей, бірден жұмысқа қабылдана береді.

2019 жылы «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша докторантура аштық. Бұл мамандардың өздерін ғылыми тұрғыда жетілдіруіне мүмкіндік берді. Кәсіпорындармен үнемі байланыстамыз. Оларға іс-тәжірибеден өтуге баратын жастардың көбі жұмысқа қалып жатыр. Оның себебін айтайын. Бізде университет базасында құзыреттілік орталығы бар. Сол жерде студенттер сабақта оқыған теорияны нақты тәжірибеде көре алады. Мысалы, кезінде өзім университетте оқып жүргенде бір үйге қонаққа барсам «Айбек, сен электрші мамандығында оқисың емес пе? Мына бөлмеге жарық тартып берсеңші» дейтін. Тарта алмайтынымды айтқанда екі бетім шиедей қызарып, ұялып кететінмін. Бірақ менің кінәм жоқ. Сабақта оны бізге үйретпеген. «Инженер электрші» мамандығы болған соң мұғалімдер стансаларды басқаруды, тоқты өндіруді оқытқан. Жарық тарту жағы мүлде сөз етілмеді. Ал қазір университеттегі құзыреттілік орталығында біз осының бәрін үйретеміз.

– Шығыс Қазақстан энергетикасының бүгінгі ахуалы қандай? Даму бар ма, әлде тұралап қалды ма? Риддердегі жылу электр орталығындағы апаттардан былтыр 50 мыңнан астам халқы бар білдей бір қала жылусыз қалған еді… 

– Риддердегі және Өскемендегі ЖЭО-ларда болған апаттардың бірнеше салдары бар. Оның ішіндегі ең негізгісі – инфрақұрылымның тозуы. Маман тапшылығы мәселесі де өзекті. Жалпы энергетика саласының ахуалына қатысты айтар болсақ, атқарылып жатқан жұмыстар, әлі де қолға алынуы тиіс шаруалар аз емес.

Биыл қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында энергетика туралы сөз қозғап, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көрші елдерге тәуелділіктен арылуымыз керектігін айтқан болатын. 

сала маманы
Фото: Айбек Ақаевтың жеке мұрағатынан

Мұның бір жолы – атом электр стансасын салу. Халқымыз Семей полигонының зардабын әлі ұмытпағандықтан АЭС жайлы естісе секемдене қарайды. Бірақ ашығын айтқанда бүгінгі технология дамыған заманда ондай қорқыныш жоқ. Стансаны Фокусима, Чернобыль апаттарын ескеріп, қауіпсіздікті бірінші орынға қойып салады. Сол стансаларда ескі графиттік реакторлар болған. Ал қазіргі жаңа реакторлар тұрған АЭС-терде ірі апат мүлде болып көрген емес. 

– Сонда Қазақстанға АЭС салған жөн деп ойлайсыз ба?

– Иә, біріншіден, атом электр стансасы – жасыл энергетикаға жатады. Оның экологияға еш зияны жоқ, ауаға зиянды шығарынды бөлмейді. Одан кейін уранның жылу беру қуаты жоғары. 1 келі ураннан мыңдаған тонна көмірдің шығаратын қуатын алуға болады. Яғни, ауаны ластайтын қаншама көмірқышқыл газын жойып, экологияның жақсаруына жол ашылады.

Екіншіден, уран өзімізде бар. Әлем бойынша уран өндіруден үздік үштікте тұрмыз. Тек өндіріп қана қоймай, одан отын да дайындаймыз. АЭС салу үшін әуелі референдум өтіп, халық дауыс беруі керек. Содан кейін барып құрылысты қай ел жүргізілетіні шешіледі. 4 нұсқа бар: Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея. 

Тағы бір айта кетерлігі, АЭС іске қосылса жаңа жұмыс орындары құрылады. Ондағы 1 жұмыс орны аралас экономика деңгейінде 10 жұмыс орнының ашылуына себепкер болады. Есептеулер бойынша бізге 2 мың маман қажет екен. Демек, онда 20 мың адам жұмыс істейді деген сөз.

маман
Фото: Айбек Ақаевтың жеке мұрағатынан

– Өскемендегі Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында Ресеймен келісімшарт негізінде жылу электр орталығы салынбақшы. Бұл ауасы лас Өскемендегі ең таза аудан. Ел арасында енді сол жақтың да ауасы бұзылатынын айтып, наразылық білдіріп жатқандар бар. Осы тұрғыда сіздің ойыңыз қалай? 

– Қыс кезінде Өскемендегі екі жылу электр орталығына ауыр жүктеме түседі. Оның үстіне жаңа көпқабатты үйлер көптеп салынып жатыр. Әсіресе Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында құрылыс қарқынды жүруде. Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келісімі негізінде бізде салынатын 3 қазандықтың бірі Өскеменде орналаспақ. Бұл үйлерді жылумен қамту жағынан жақсы қадам. Ал экология тұрғысынан алғанда әлбетте жаман. Ол жаңа ЖЭО көмірмен жағылады деп айтылды. Газбен жылыту туралы ұсыныстар да жасалды. Егер газды таңдасақ, тағы да млрд-таған шығынды қажет етеді. Себебі бізде газ құбыры жоқ, оны тасылмалдау қажет. Көмір болса, өзімізде бар. Бірақ қазір онсыз да Өскеменнің экологиясы оңып тұрған жоқ. Қалаға кіріп келе жатсаңыз, қою газдан кәсіпорындардың мұржасы ғана көрінеді. Енді бір ЖЭО салынса жағдай одан сайын қиындайтыны рас. Ал салынбаса, жылу қуаты жетіспейді. Бұл мәселеде мамандар мұқият ақылдасып, ортақ шешімге келеді деген ойдамын. 

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар