Respublica партиясының төрағасы мәслихат депутаттары сайлауында дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM — Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров мәслихат депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Партия жетекшісі елордадағы «Астана Опера» ғимаратында орналасқан №228 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Ол жергілікті өкілді органдарды қалыптастыру өңірлерді дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды саяси қадам екенін атап өтті.

– Жаңадан сайланған депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Халықтың сенімін ақтау, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу және өңірлердің дамуына үлес қосу – олардың басты міндеті, - деп жазды партия жетекшісі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салайық, бүгін, 29 қарашада, Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр.

Сайлауға партиялық тізімдер бойынша жеті саяси партия қатысуға жіберілген. Олар: «Ауыл» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстан Халық партиясы, «Respublica» партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы және «Әділет» партиясы.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысып жатқанын жазғанбыз.