Естен кетпейтін ота
Әр хирургтің тәжірибесінде арада қанша жыл өтсе де, ұмытылмайтын оқиғалар болады. Бекежан Траисов үшін сондай ауыр сынақтың бірі — басынан ауыр оқ жарақатын алған жас әскери қызметшіге жасалған шұғыл операция.
Әскери бөлімнен сарбазды Орал қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізкен кезде сол түні кезекшілікте жас нейрохирург Бекежан Траисов болған.
Оқ жауынгердің иек тұсынан кіріп, жара өзегі бас сүйек қуысына дейін жеткен. Науқастың жағдайы дереу хирургиялық араласуды талап етті.
Операциялық бригада шұғыл отаға кірісті. Нейрохирургтерге бас сүйек трепанациясын жасап, қан кетуді тоқтату, жара өзегін хирургиялық өңдеу және ауыр зақымның салдарын жою міндеті тұрды.
- Бұл нейрохирург, жақ-бет хирургі, анестезиолог-реаниматолог және операциялық бөлім қызметкерлері қатысқан күрделі командалық жұмыс болды. Науқастың сауығуы үшін күрес шамамен бір айға созылды. Біртіндеп оның қимыл-қозғалысы, сөйлеуі және көру қабілеті қалпына келді, - деп еске алады Б.Траисов.
Бұл жағдай жас дәрігердің кәсіби жолындағы маңызды сынақтардың біріне айналды. Ол нейрохирургияда тек техникалық шеберлік қана емес, жедел шешім қабылдай білу, командамен жұмыс істеу және сын сағатта зейінді сақтап қалу қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Содан бері талай жыл өтті. Бүгінде Бекежан Траисов 4 мыңнан астам хирургиялық араласу жасаған. Дегенмен осындай оқиғалар оған мамандығының басты мақсаты — адамның өмірін сақтап, толыққанды тіршілікке оралуына мүмкіндік беруді үнемі еске салады.
Дәрігерлер әулеті: ұрпақтарды жалғаған мамандық
Бекежан Траисовтың медицинаға апарар жолы оның алғашқы операциясынан әлдеқайда бұрын басталған. Атасы Өтеш пен әжесі Сопия Траисовтар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан бері дәрігер болған, ал анасы Бақыт мейіргер болып еңбек еткен.
Болашақ нейрохирург бала кезінен дәрігер еңбегін құрметтейтін, адамдар алдындағы жауапкершілікті сезінетін және медициналық көмектің маңызын түсінетін ортада өсті.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын үздік бітірген жас маман өзі түлеп ұшқан Сырым ауданына оралып, хирургия саласында алғашқы практикалық тәжірибесін жинақтады.
Аудандық денсаулық сақтау жүйесіндегі еңбек оның кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Мұнда түрлі клиникалық жағдайларға тап болып, дербес шешім қабылдауға және дәрігердің науқас алдындағы жауапкершілігін терең түсінуге тура келді.
Кейін Бекежан Траисов Алматыда нейрохирургия мамандығы бойынша мамандандырудан өтті. Уақыт өте келе осы сала оның өмірлік ісіне айналды.
Қазір ол Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімшесін басқарады.
Отбасындағы медициналық дәстүр үзілген емес. Бекежан Траисов — төрт баланың әкесі. Олардың екеуі бүгінде медициналық университетте білім алып жүр.
Осылайша атасы, әжесі және анасы өмірін арнаған мамандық отбасының жаңа буынында да жалғасын табуда.
Мұның нейрохирург үшін мәні ерекше: медицина ол үшін жай ғана кәсіби таңдау емес, бірнеше ұрпақты біріктіретін ортақ іс.
Омыртқа хирургиясының ерекшеліктері қандай?
Бекежан Траисов қызметінің негізгі бағыттарының бірі — омыртқа хирургиясы.
Қазіргі спиналдық нейрохирургия омыртқааралық диск жарығын дәстүрлі алып тастаумен ғана шектелмейді. Бүгінде бұл сала күрделі реконструкциялық операцияларды, омыртқа бағанының тұрақтылығын қалпына келтіруді, деформацияларды түзетуді, жүйке құрылымдарын декомпрессиялауды және жоғары технологиялық имплантациялық жүйелерді қолдануды қамтиды.
Нейрохирург өз тәжірибесінде омыртқа денелері арасын біріктірудің заманауи әдістерін, соның ішінде ALIF, TLIF және омыртқаны тұрақтандырудың басқа да технологияларын қолданады.
Дегенеративті аурулар, омыртқа тұрақсыздығы, жарақаттық зақымдар және күрделі деформациялар кезінде жасалатын операциялар ерекше орын алады.
Мұндай араласулар анатомияны терең білуді, микрохирургиялық техниканы меңгеруді, операция алдындағы мұқият жоспарлауды және заманауи бекіту жүйелерімен жұмыс істей білуді талап етеді.
Бұл технологиялардың дамуы пациенттерге мамандандырылған хирургиялық көмекті өз өңірінде алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында әр жағдайда басқа қалалардағы ірі медициналық орталықтарға бару қажеттілігі туындамайды.
Варшава: қазақстандық нейрохирург дәріскер рөлінде
2026 жылғы 10 маусымда Варшавада бел омыртқасына операция жасаудың заманауи әдістеріне арналған «Lumbar Spine Surgery with Focus on Implants and Instrumentation» атты халықаралық кадаверлік курс өтті.
Оқу бағдарламасы Қазақстан нейрохирургтер қауымдастығының (жетекшісі, профессор Талғат Керімбаев) қолдауымен Warsaw Lab (Instytut Medycyny Praktycznej) базасында ұйымдастырылды.
Бекежан Траисов іс-шараға тек тыңдаушы ретінде емес, дәріскер және нұсқаушы ретінде де қатысты.
Бұл — кәсіби өзара ықпалдастықтың мүлде басқа деңгейі: маман шетелдік әріптестерінің тәжірибесін үйреніп қана қоймай, өзі де практикалық білімімен және хирургиялық тәсілдерімен бөліседі.
Оның баяндамасы бел омыртқасының дегенеративті ауруларын емдеудің заманауи әдістеріне, омыртқааралық спондилодезге, омыртқаны тұрақтандыруға және имплантациялық жүйелерді пайдалануға арналды.
Ол Қазақстан, Польша және Хорватиядан келген әріптестерімен бірге ғылыми баяндамалар мен анатомиялық материалда хирургиялық технологияларды практикалық меңгеруді біріктірген оқу бағдарламасына қатысты.
- Мұндай курстардың қазіргі нейрохирургияны дамытудағы орны ерекше. Олар әртүрлі хирургиялық қолжетімдердің артықшылықтарын ғана емес, операциялардың техникалық қырларын, асқынулардың алдын алуды және оңтайлы емдеу тактикасын таңдауды талқылауға мүмкіндік береді. Қазақстандық мамандардың дәріскер ретінде қатысуы халықаралық кәсіби ынтымақтастықтың кеңейіп, елімізде жинақталған хирургиялық тәжірибеге сұраныс артып келе жатқанын көрсетеді, - дейді Б.Траисов.
Ыстанбұлдан Астанаға дейін: үздіксіз кәсіби даму
Бекежан Траисовтың халықаралық білім беру қызметі Польшаға сапармен шектелмейді.
2026 жылғы ақпанда ол Ыстанбұлдағы Marmara University базасында мойын омыртқасы хирургиясы бойынша өткен бесінші кадаверлік курсқа қатысты. Оқу бағдарламасында Түркия, Италия, Германия және Оңтүстік Кореядан келген спиналдық нейрохирургия саласының танымал мамандары бас қосты.
Олардың қатарында профессорлар Mehmet Zileli, Onur Yaman, Francesco Costa, Eun-Sang Kim және өзге де сарапшылар болды.
Бұған дейін, 2025 жылғы қарашада, Бекежан Траисов Астанада өткен WFNS Education Course халықаралық білім беру курсында баяндамашы болды.
Оның баяндамасы екінші мойын омыртқасының тіс тәрізді өсіндісінің сынуына және оны хирургиялық емдеудің заманауи нұсқаларына арналды.
2024 жылы дәрігер Ыстанбұлда Koç University және Stryker компаниясының халықаралық білім беру бастамасымен байланысты омыртқаның аз инвазиялық хирургиясы бағдарламасы бойынша да білім алды.
Бағдарлама барысында қазақстандық қатысушылар өз клиникалық материалдарын ұсынып, шетелдік сарапшылармен заманауи хирургиялық технологияларды талқылады.
Практик нейрохирург үшін мұндай іс-шаралар жай формальдылық емес. Омыртқа хирургиясының қарқынды дамып жатқаны соншалық, білімді үнемі жаңартып отыру қауіпсіз әрі тиімді жұмыстың қажетті шартына айналды.
Облыстық ауруханадағы оң тәжірибе
Бекежан Траисовтың кәсіби қызметінің маңызды бөлігі облыстық аурухана тәжірибесіне емдеудің заманауи әдістерін енгізумен байланысты.
Соның бір мысалы — омыртқа хирургиясында заманауи омыртқааралық имплантаттарды қолдану бағытының дамуы.
2025 жылғы маусымда Оралдағы облыстық көпбейінді ауруханаға медициналық имплантаттар мен хирургиялық құралдар шығаратын польшалық CHM компаниясының өкілдері келді.
Сапардың мақсаты имплантациялық жүйелердің іс жүзінде қолданылуымен танысу, хирургтерден кері байланыс алу және технологияларды одан әрі жетілдіруді талқылау болды.
Сапар аясында компания өкілдері Бекежан Траисов жасаған операцияны бақылады.
Пациентке бел-сегізкөз омыртқа бөлігінде ALIF алдыңғы омыртқааралық спондилодез әдісі және бұрандалы бекіткіші бар имплантат қолданылып, хирургиялық араласу жасалды.
Операция шамамен бір сағатқа созылып, операция кезіндегі асқынуларсыз аяқталды.
- Мұндай кәсіби кездесулер хирургтер мен медициналық технология өндірушілері арасында тікелей байланыс орнатуға, құрал-жабдықтарды жетілдіруге және оларды операциялық тәжірибенің нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді, - дейді маман.
Жаңа бағыт: тамырлық нейрохирургия
Батыс Қазақстан облысында нейрохирургиялық қызметті одан әрі дамытудың маңызды міндеттерінің бірі — бас миының қан тамырлары ауруларын емдеу мүмкіндіктерін кеңейту.
Ең алдымен, бұл аневризмаларға, артериовеноздық мальформацияларға, ми артерияларының стеноздық зақымдарына және ауыр неврологиялық асқынуларға әкелуі мүмкін өзге де патологияларға қатысты.
- Қазіргі нейрохирургияда мұндай ауруларды емдеудің бірнеше тәсілі бар: ашық микрохирургиялық араласудан бастап аз инвазиялық эндоваскулярлық операцияларға дейін. Эндоваскулярлық технологиялар тамыр арқылы арнайы микрокатетерлерді, спиральдар мен стенттерді артерияның патологиялық өзгерген бөлігіне тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Аурудың сипатына қарай бұл әдістер аневризманы қан айналымынан ажыратуға, қан тамырының өткізгіштігін қалпына келтіруге немесе патологиялық тамырлық қосылыстарды жоюға көмектеседі, - дейді нейрохирург.
Оның пайымдауынша, бұл бағытты дамыту үшін заманауи құрал-жабдық қана емес, мамандарды даярлау, командалық үйлесім және шұғыл көмек көрсету жүйесін жетілдіру де қажет.
Өңірлік денсаулық сақтау саласы үшін мұндай технологиялардың маңызы айрықша: бас миының кейбір тамырлық ауруларында мамандандырылған көмектің көрсетілу уақыты болжамға тікелей әсер етеді.
Нейрохирургия — кестеге бағынбайтын жұмыс
Жоспарлы жоғары технологиялық хирургияның дамуына қарамастан, нейрохирургия бөлімшесі жұмысының елеулі бөлігін әлі де шұғыл медициналық көмек құрайды.
Ауыр бас-ми жарақаттары, бассүйекішілік гематомалар, омыртқа мен жұлын зақымдары науқастың жағдайын дереу бағалауды және көбіне шұғыл операция жасауды талап етеді.
Мұндай жағдайда хирург уақыт тығыз кезде тез шешім қабылдауы керек, өйткені кідіріс қайтымсыз неврологиялық салдарға әкелуі мүмкін.
Оралдағы облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің қызметі 1970 жылдардан бастау алады.
Ондаған жылдар бойы мұнда аға буын дәрігерлерден жас мамандарға беріліп келе жатқан кәсіби дәстүрлер қалыптасты.
Бекежан Траисов өз тәлімгерлері — Евгений Шульга, Сергей Безус және Ербол Есетовті ешқашан ұмытқан емес.
Буындар сабақтастығы, клиникалық тәжірибе мен үздіксіз оқудың ұштасуы ғана жұмыс жүктемесі жоғары жағдайда да нейрохирургиялық қызметті дамытуға мүмкіндік береді.
Бөлімше үшін ең қиын кезеңдердің бірі коронавирус инфекциясының пандемиясы болды.
Карантиндік шектеулер кезінде көптеген медицина қызметкерлері ауырып, жұмысын жалғастырған мамандарға түсетін жүктеме айтарлықтай артты.
Нейрохирургтің еске алуынша, тіпті бір уақытта 50 науқасқа небәрі үш дәрігер қалған. Соған қарамастан, бөлімше шұғыл медициналық көмек көрсетіп, кезек күттірмейтін операцияларды жасауды және жүйке жүйесінің ауыр аурулары бар науқастарды қабылдауды жалғастырды.
Дәрігердің басты жетістігі — науқасты қалыпты өмірге қайтару.
Пациент үшін сәтті ем — техникалық тұрғыдан дұрыс жасалған операция ғана емес. Ол — қатты ауырсынусыз қайта жүру, қимыл-қозғалысты қалпына келтіру, отбасына, жұмысына және үйреншікті өміріне оралу мүмкіндігі.
Сондықтан қазіргі кезде нейрохирургтер ауруды жоюға ғана емес, адамның өмір сапасын сақтауға да көбірек көңіл бөліп келеді.
Халықаралық конференциялар, оқу курстары мен кәсіби кездесулерден алынған білім пациенттерді емдеуде қолданылған кезде ғана олардың нақты практикалық мәні болады.
Бүгінде Бекежан Траисов күнделікті хирургиялық қызметімен бірге нейрохирургия бөлімшесіне басшылық жасап, өз білім-білігін жетілдіре түсу үшін халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысып та келеді.
Оның кәсіби жолы – өңірлік аурухана маманы заманауи медициналық технологияларды меңгеріп қана қоймай, өз тәжірибесін шетелдік әріптестерімен де бөлісе алатынының жарқын мысалы. Ал осы еңбектің басты жемісі — Батыс Қазақстан облысында нейрохирургиялық көмек пациенттерге дер кезінде көрсетіледі, сондай-ақ олар күрделі, жоғары технологиялық емді өз үйіне жақын жерде алу мүмкіндігіне ие.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық жас ғалымның құс шаруашылығы саласын өрге бастырғысы келетінін жазған едік.
Ана тілінің абыройын ойлаған жас ұстаздың арманы асқақ екендігі де жазылды.