Аружан Еркінқызы 1990 жылы Орал қаласында өмір есігін ашты. 1996 жылдан бастап Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектепте білім алып, ағылшын және араб тілдерін жақсы меңгеріп шықты.
Өзі сурет салуға, тоқуға, тігуге, жалпы қолөнерге жақын болған екен. Бастапқыда болашақ мамандығын да осы шығармашылық бағытпен байланыстырғысы келіп, жоғары оқу орнына түсер кезде көркемсурет-графика факультетін таңдауды ойлады. Алайда тағдыр оны мүлде басқа жолға алып келді. Ойламаған жерден Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің зоотехния мамандығына оқуға түсті.
Бірінші және екінші курста оқып жүргенде «Оқудан шығамын» деп жиі айтатын. Сабақ үстінде де сурет салып отыратын кездері болатын. Бірақ үшінші-төртінші курстарда қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ғылыми жетекшілерінің бірі Аманжол Зинуллин сабақ берді. Ол студенттің бойындағы мүмкіндікті байқап, «Магистратураға түсесің» деп, ғылымға деген қызығушылығын оятып, таңдаған саланың қыр-сырын үйрете бастады.
2013 жылы магистрлік диссертациясын қорғауға дайындалып жүрген кезінде күтпеген жерден әкесінен айырылып қалды. Сол сәтте А.Зинуллин қасына отырғызып, бір сағат бойы жұбатып, әңгіме айтқаны әлі күнге дейін есінде. Оның сол кездегі қолдауы өзі үшін өте маңызды болды.
Магистратураны аяқтаған соң, ғылыми жетекшілері «Докторантураға түсуің керек» деді, содан ағылшын тілі мен мамандық бойынша емтихандарды сәтті тапсырып, докторантураға қабылданды.
Сол кезде кішкентайынан «Менің қызым профессор болады» деп айтып отыратын әкесінің сөздері жиі есіне түсетін.
Нағашыларының туған жері Бөкей ордасы ауданы, Нарын құмы болғандықтан, докторантурада ғылыми-зерттеу жұмыстарын осы өңірде жүргізді. Қыстың аязында да, жаздың ыстығында да дала жағдайында жұмыс істеуге тура келді. Осы кезеңде «Ахметов Н.Е.» шаруа қожалығының көмегі көп тиді.
— 2015 жылы докторантураның үшінші курсына келгенде, ғылыми жетекшім Аманжол Зинуллаұлы сырқаттанып қалды. Бір күні мені шақырып алып: «Аружан, қорғауға сенімен бірге бара алмаймын. Едіге Ғапуұлымен Астанаға барасың», — деді. Осылайша, диссертациямды қорғауға дайындықты екінші ғылыми жетекшім, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Едіге Насамбаевпен бірге жалғастырдым. Оның жетекшілігімен диссертациямды толықтырып, жұмысымды аяқтадым. Кейін сол кісімен бірге Астанаға барып, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің диссертациялық кеңесінде диссертациямды сәтті қорғадым. Осылайша, бакалавриат, магистратура және докторантурада білім алып, 25 жасымда философия докторы (PhD) дәрежесін иелендім, — дейді А.Нұғманова.
Диссертациясын қорғап келгеннен кейін Аружан ғылыми-зерттеу жұмыстарын нысаналы-бағдарламалық және гранттық қаржыландыру жобалары аясында жалғастырды. Алғашқы бес жылдай Е.Насамбаевтың жетекшілігімен ірі қара мал шаруашылығы бағытында жұмыс істеп, ғылыми зерттеулер жүргізудің қыр-сырын үйренді. Әрбір ғылыми жұмысын тексертіп, оның кеңестері мен бағыт-бағдары арқылы тәжірибе жинақтады.
2021 жылдан бастап Аружанның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты құс шаруашылығымен байланысты болды. 2023 жылдан бастап жас ғалымдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысып, бірнеше жобаның жеңімпазы атанды.
Өмір жолында үнемі жанынан табылып, қолдау көрсететін жақындарының орны ерекше. Әсіресе, анасы Айгүлдің қолдауы өте маңызды. Қандай жағдай болмасын, анасы мен туған-туыстары жетістіктеріне қуанып, қиын сәттерде демеу болып келеді.
А.Нұғманова еңбек жолын кафедрада оқытушы болып жұмыс істеуден бастады. Кейін үш жыл бойы ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдар тізіміне енген ғылыми журналдың редакторы қызметін атқарды. Өткен жылдан бастап «Құс шаруашылығы» ғылыми-өндірістік зертханасының жетекшісі болып еңбек етіп келеді. Бұл қызметтер оған педагогикалық, редакторлық және ғылыми-зерттеу бағыттарында тәжірибе жинақтауға, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді.
Ғылымға алғаш келген кезінде зерттеудің мақсаты мен міндеттерін белгілеу оңай көрінетін. Уақыт өте келе бұл ұғымдардың мәнін тереңірек түсіне бастады. Қазір де ғылыми жұмыстарын тәжірибелі ғалымдарға көрсетіп, олардың пікірін тыңдап, кеңестерін ескеруге тырысады. Осы орайда ғылыми кеңесшілері — биология ғылымдарының докторы, профессор Әлжан Шәмшідін мен ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Асқар Наметовтің берген бағыт-бағдары мен пікірлері маңызды. Олардың кеңестері зерттеулердің сапасын арттырып, ғылыми жұмыстарын жетілдіруге көмектеседі.
— Ғылыммен айналысу — үлкен жауапкершілік. Алғашында бұл жауапкершіліктің мәнін толық түсінбеген болармын. Уақыт өте келе әрбір зерттеудің, әрбір ғылыми тұжырымның артында үлкен еңбек пен ізденіс жатқанын түсіндім. Ғылымда өз бетіңше жұмыс істеу үшін біліммен қатар тәжірибе, табандылық және үнемі үйренуге деген ұмтылыс қажет. Бүгінгі таңда ғылыми командамызбен бірге құс шаруашылығы саласында бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Зерттеулеріміздің нәтижесінде өнертабыстарға патенттер алынып, бірқатар патенттік өтінімдер берілді. Ғылыми мақалалар жарияланып, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтап, өз ғылыми бағытымды қалыптастырдым. Дегенмен, ғылымның шегі жоқ. Біз әлі де ізденіс үстіндеміз, білімімізді жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеріп, зерттеулеріміздің сапасын арттыруға ұмтыламыз. Әрбір жаңа жоба бізге тың тәжірибе беріп, алдымызға жаңа міндеттер қояды, — дейді жас ғалым.
Оның айтуынша, университет басшылығының жетекшілігімен «Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС (Астана қаласы) және «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ (Алматы қаласы) ғалымдарымен бірлесіп, отандық үйрек шаруашылығын дамытуға және селекциялық жұмыстарды жетілдіруге бағытталған кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу жұмыстарының негізгі өндірістік базасы — Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Бишкуль құс фабрикасы» ЖШС. Аталған жұмыстар аясында 2023 жылы алғашқы Ансар үйрек кроссы шығарылды. Қазіргі уақытта аналық «Жайық» желісі, аталық «Есіл» желісі, ЕЖ12 кроссы және «Ансар» үйрек тұқымы бойынша селекциялық жетістікке өтінімдер берілді. Бұл жұмыстар көпжылдық селекциялық зерттеулердің нәтижелерін бекітуге, отандық асыл тұқымды үйрек шаруашылығының әлеуетін арттыруға және су құстарының ұлттық генетикалық қорын дамытуға маңызды үлес қосады.
Жалпы, университетте бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобасы орындалуда. Яғни бұл жоба Қазақстанның барлық аймақтарын қамтиды. Батысқазақстандықтар мұны Алматы және Астана ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Жобалардың түрлері көп: гранттық қаржыландыру болса, бір мекеме орындайды. Ал бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру — бірнеше мекеме қосылып орындайтын бағдарлама.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстанда цифрлық және биотехнологиялық шешімдерді қолдана отырып, құс шаруашылығы бойынша смарт фермалар құру жоспарлануда.
— Алдағы мақсаттарым да аз емес. Ең алдымен өзім таңдаған ғылым жолында білімімді жетілдіріп, құс шаруашылығы саласындағы зерттеулерімді жалғастырғым келеді. Жинаған тәжірибемді жас мамандармен бөлісіп, олардың да ғылымға қызығушылығын арттыруға үлес қоссам деймін. Ғылыми еңбектеріміздің нәтижелері тәжірибеде қолданылып, еліміздің ауыл шаруашылығының дамуына пайдасын тигізсе, мен үшін бұл үлкен жетістік және абырой болар еді, — деп түйіндеді ойын Аружан Нұғманова.
Кейіпкердің ғылыми жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Едіге Насамбаев шәкіртінің студенттік жылдардан бастап ізденімпаздығы, білімге деген құштарлығы және ғылыми ізденіске қызығушылығы айқын көрінгенін атап өтті. Магистратура мен докторантурада білім алуы оның кәсіби қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Қызмет бабында алға қойылған міндеттерді шешудің жаңа тәсілдерін үнемі іздестіріп, тың шешімдер ұсынады және маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылады. Оның мақсаткерлігі, бастамашылдығы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы ғылыми міндеттерді табысты жүзеге асыруына, заманауи зерттеу әдістерін қолдануына және ғылыми-зерттеу жұмысына инновациялық тәсілдерді енгізуіне мүмкіндік береді.
Ұстазының пайымдауынша, Аружан Еркінқызы — мал шаруашылығы және құс шаруашылығы салаларындағы білікті маман. Ол отандық мал шаруашылығын дамытуға, селекциялық-технологиялық үдерістерді жетілдіруге және ғылыми әзірлемелерді өндірістік тәжірибеге енгізуге бағытталған ғылыми жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға белсенді қатысады.
— Шәкіртім — қазіргі уақытта «Жас ғалым» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын құс шаруашылығы саласындағы ғылыми жобаның жетекшісі. Оның ғылыми қызметі саланың өзекті мәселелерін шешуге, ғылыми әлеуетті дамытуға және практикалық маңызы бар нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Сондай-ақ мал шаруашылығындағы селекциялық жетістіктерді дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Ғылыми зерттеулерінің нәтижелері бойынша оның бірқатар өнертабыстарға патенттері мен авторлық куәліктері бар. Бұл ғылыми жұмыстардың құндылығы мен практикалық маңыздылығын айқындайды. Аружан іргелі ғылыми көзқарасты зерттеулердің практикалық бағыттылығымен ұштастыра білетін қазіргі заманғы ғалымдардың қатарына жатады. Ол ғылыми жұмысқа жауапкершілікпен қарап, таңдаған кәсібіне адалдық танытумен бірге отандық мал және құс шаруашылығын дамытуда ғылыми идеяларды өндіріске табысты енгізуде үлгі көрсетіп жүр, — деді Е.Насамбаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақ ғалымдары киікті арнайы тәлімбақта өсіріп, зерттеп жатқанын жазған едік.