Бала күнгі арманы оны полиция қызметіне қалай алып келді, алғашқы еңбек жылдары оған не үйретті, неліктен ол марапаттан гөрі көмек алған адамның алғысын жоғары бағалайды? Осы сұрақтарға Kazinform тілшісі жауап іздеп көрді.
Генералдың үстеліндегі медальдар
Бүгінде 34 жастағы Әдемі Әбдірова Шымкент қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы болып жұмыс істейді. Ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі 17 жылдан асады.
Ол бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған. Қылмысты ашып, құқық бұзушыларды ұстап, адамдарды қорғайтын жедел уәкілдердің жұмысына қызыққан. Спортпен шұғылданып, жарыстарға қатысқан. Спорт пен тәртіптің болашақ мамандығына қажет екенін түсінген.
Әдемінің мамандық таңдауына атасы Мұратбектің ықпалы ерекше болды. 2009 жылы мектеп бітірген немересін ол сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер органдарының басшысының қабылдауына ертіп барған.
– Атамның пакеттен спорттық медальдарымды шығарып, генералдың алдына қойғаны әлі есімде. «Немерем полицияда қызмет етуді армандайды. Спортпен айналысады, тәртіпті, бойы да ұзын. Оқуға түсуіне көмектесіңіз», – деді. Генерал бізді мұқият тыңдап, атама жылы жауап берді, – деп еске алады ол.
Одан кейін медициналық комиссиядан, спорттық сынақтардан және Алматыдағы арнайы іріктеуден өту керек болды. Әдемі барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орнына қабылданды.
2009-2011 жылдары кәсіби білім алған соң оған полиция лейтенанты атағы берілді.
Алғашқы рейдтер және анасының сөзі
Қызметтің алғашқы кезеңі Әдемі ойлағандай бола қойған жоқ. Ол қылмыстық іздестіру бөліміне емес, Сайрам аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесіне жіберілді.
Жас қызметкерге жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, рейдтерге шығу және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу міндеті жүктелді.
Қызметі түнге дейін созылып, таңға дейін жалғасатын кездер де болған. Ұзаққа созылған рейдтерден таңғы сағат бесте не алтыда үйіне оралып, арада бірер сағат өткенде қайтадан жұмысқа шығуға тура келетін.
– Кейде үйге таңғы бесте-алтыда келетінмін де, сағат жеті жарымда қайтадан жұмысқа шығатынмын. Анам үнемі қолдап: «Сен өз міндетіңді атқарып жүрсің. Бәлкім, бүгін бір баланы үлкен қауіптен аман алып қалған шығарсың», – дейтін. Бұл сөздер есімде мәңгі қалды. Маған күш беріп, таңдаған мамандығымнан бас тартпауға көмектесті, – дейді Әдемі.
Алғашқы еңбек жылдары оған түрлі жағдайға тап болған адамдармен тіл табысуды үйретті. Қызмет барысында сабыр сақтап, әр адамның мәселесіне түсіністікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін ұғынды.
Әр құжаттың артында адам тағдыры тұр
Қазір Әдемінің негізгі жұмысы азаматтардың құжаттарын рәсімдеумен байланысты. Кейбір азаматтар түрлі себеппен қажетті құжаттарын ұзақ уақыт бойы ала алмай, көші-қон қызметіне жүгінеді.
Мұндай мәселелердің шешімі әрдайым бірдей бола бермейді. Әр өтініштің артында адамның жеке жағдайы тұрады. Сондықтан қызметкерлер азаматтың мәселесін мұқият зерделеп, заң талаптарын түсіндіріп, өз құзыреті шегінде көмек көрсетуге тырысады.
Әдемі үшін осындай жұмыстың ең маңызды тұсы – азаматтың мәселесі шешіліп, қажетті құжатын қолына алуы.
– Ұзақ уақыт әуреге түсіп, ақыры құжатын алған адамның қуанышын көрудің өзі ерекше әсер береді. Ол үшін бұл жай ғана жеке куәлік емес, күнделікті мәселелерін шешіп, өз құқықтарын пайдалануына мүмкіндік беретін маңызды құжат. Осындай сәттер жұмысымыздың мәнін арттырады, – дейді полиция майоры.
Оның айтуынша, құжат мәселесімен ұзақ уақыт айналысып, ақырында үмітін үзе бастаған азаматтар да кездеседі. Сондықтан мұндай жағдайда адамды мұқият тыңдап, мәселенің мән-жайын анықтап, заңды шешу жолдарын түсіндіру маңызды.
– Адам алдымызға мәселесін айтып келгенде, оны тыңдап қана қоймай, жағдайын түсінуге тырысу керек. Қандай әрекет жасау керегін түсіндіріп, заң аясында көмектесу маңызды. Құжатын алған соң шын көңілден алғысын айтып жататын сәттер болады. Сонда еңбегіңнің біреудің өмірін жақсы жаққа өзгертуге ықпал еткенін сезінесің. Әр құжаттың артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек, – дейді ол.
Әдемі кәсіби жетістігін сүйікті ісіне адал болып, қоғамға пайда тигізумен байланыстырады. Қызмет барысында талай қиындықты еңсеріп, шыдамдылыққа үйренген. Ал көмек сұрап келген азаматтардың сенімін ақтау – оның басты міндеттерінің бірі.
– Көмегім тиген адамдардың алғысын ерекше бағалаймын. Кейде шын көңілден айтылған қарапайым «рақмет» сөзі кез келген марапаттан артық. Мен үшін басты жетістіктің бірі – көп жылдан бері таңдаған ісіме адал болып, адамдарға пайдамды тигізіп келе жатқаным, – дейді кейіпкеріміз.
Ана, полиция майоры және спортшы
Көші-қон қызметіндегі жұмыс кәсіби біліммен қатар, сабыр мен төзімділікті де талап етеді. Күн сайын түрлі мәселемен келетін азаматтардың бәрі бірдей заң талаптарын түсіне бермейді. Кейде қызметкерлерге наразылық білдіріп, ауыр сөз айтатындар да кездеседі.
Әдемі мұндай жағдайда эмоцияға берілмей, мәселені түсіндіруге тырысады. Дегенмен қызметтің өз қиындығы бар екенін жасырмайды.
– Кейде азаматтар алғысын айтса, кейде көңілге тиетін сөздер де естисің. Мұның бәрі адамға әсер етеді. Бірақ сабыр сақтап, өз міндетіңді ұмытпау маңызды. Кейде кешке дейін жұмыс істеуге, демалыс күндері де қызметке шығуға тура келеді. Бұл мамандықты өзім таңдадым, сондықтан жауапкершілігін де сезінуім керек. Қиындығына қарамастан, жұмысымды жақсы көремін, – дейді полиция майоры.
Қызметтен кейін оны үйде балалары мен күнделікті тірлік күтеді. Әдемі отбасына уақыт бөлуге тырысады, келесі күнге қажетті заттарды алдын ала дайындап қоюды әдетке айналдырған. Тығыз кестеге қарамастан, бала күнінен серік болған спортты да ұмытқан емес. Кейде жаттығуға түскі үзіліс кезінде барады.
– Мен полиция қызметкері ғана емес, анамын. Балаларды тәрбиелеу де үлкен жауапкершілік. Осы екі міндетті қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен әйел адам көп қиындықты еңсере алады деп ойлаймын. Балаларымның маған қарап бой түзегенін қалаймын. Олар жұмыс көп болса да, отбасыға, денсаулыққа және өзін-өзі дамытуға уақыт табуға болатынын көрсе деймін. Ең бастысы – ниет пен тәртіп, – дейді ол.
Әдемі әлеуметтік желіде де белсенді. Instagram парақшасында полиция қызметкерлерінің күнделікті өмірі, спорттағы жетістіктері мен жеке тәжірибесі туралы мәліметтермен бөлісіп отырады.
Ол арқылы полиция қызметінің көпшілік біле бермейтін қырын көрсетіп, форма киіп жүрген адамдардың жұмыстан тыс өмірі де бар екенін жеткізгісі келеді.
– Погон таққан адамның да отбасы, арманы, қызығушылығы мен өзіндік ұстанымы бар. Мен осыны көрсеткім келеді. Мұндай оқиғалар жастарға ой салып, өз мақсатына ұмтылуға ынталандырса деймін, – дейді Әдемі.
Әдеміні жігерлендіретін – балалары. Ол балаларының өзіне сенімді болып өсіп, қиындықтардан қаймықпай және мақсаттарына жете білетін азамат болғанын қалайды.
– Балаларыма қиындыққа мойымауды, өзіне сенуді және алға қойған мақсатына жетуді өз үлгіммен үйреткім келеді, – дейді ол.
Әдемі өз тәжірибесі арқылы жастарды полиция қызметіне ғана емес, спортпен айналысуға, шығармашылыққа, саяхаттауға және жаңа білім алуға да ынталандырғысы келеді.
– Өмір телефонға телмірумен ғана шектелмейді. Айналамызда мүмкіндік көп. Спортпен айналысуға, саяхаттауға, шығармашылықпен шұғылдануға, жаңа нәрсе үйреніп, жетістікке жетуге болады. Жастарға білімді, мақсатшыл болуды және әр шешімді ойланып қабылдауды тілеймін. Жаңа нәрсені байқап көруден қорықпай, спортпен айналысуға, би билеуге немесе өзіне ұнайтын, дамуына көмектесетін басқа да пайдалы істерге уақыт бөлгені жөн. Жақсы мен жаманды ажырата біліп, жетістікке оңай жолмен жетуге ұмтылмаған дұрыс. Өмірде қиындықтар болады, бірақ соларды еңсерген сайын шыңдала түсеміз. Ең бастысы – адамдық қасиетті жоғалтпай, өз күшіңе сену және арманыңнан бас тартпау, – дейді полиция майоры.
Бұған дейін «Республика азаматы» айдары аясында батысқазақстандық жас ғалымның құс шаруашылығын дамытуға бағытталған ғылыми ізденістері туралы жазған едік.