Республика күнін жаңғырту – тәуелсіздік жолындағы ерік-жігерді құрметтеу символы - Марат Ахметжанов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігінде Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, қызметкерлерге мемлекеттік наградалар табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Республика күнін мерекелеу Жоғарғы кеңес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларацияны қабылдаған 1990 жылғы 25 қазанға байланысты. Декларацияның айрықша рөлі Қазақстан алғаш рет өзінің дүниетанымы, жеке салт-дәстүрлері, сондай-ақ өзінің болашағы туралы көзқарасы бар бірегей аумақтық субъект ретінде өзін жариялады. Мерекелік күнтізбеде Республика күнін жаңғырту – жаңа Қазақстан ұрпағының өз бастауларының сабақтастығын мойындауының, тарихи сіңірген еңбегі мен халқымыздың мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы ерік-жігерін құрметтеуінің символы», - деді Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов.

Ведомство басшысының кіріспе сөзінен кейін салтанатты жағдайда қызметте ерекше көзге түскен полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне Мемлекет басшысы мен ішкі істер министрінің атынан мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыс етілді.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін ел Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» ордені 5571 әскери бөлімінің командирі, полковник Бақдәулет Оспанбековке, «Құрмет» ордені 5573 әскери бөлімі ән және би ансамблінің қызмет бастығы Эльмира Баққалиға табысталды.

«Жауынгерлік ерігі үшін» медалімен 6655 әскери бөлімі комнадирінің бірінші орынбасары-штаб бастығы, полковник Дәурен Жағиппаров, 6656 әскери бөлімінің аға маманы, кіші сержант Нұрсұлтан Кененбаев, 6654 әскери бөлімі запастағы сарбазы, қатардағы жауынгер Мейірім Бимырза, қаза тапқаннан кейін 5571 әскери бөлімнің сарбазы, қатардағы жауынгер Алмас Шахимов марапатталды.

Сондай-ақ, Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында мерекелік іс-шара өтті. Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақановтың бұйрығымен 290-нан астам әскери қызметші грамоталармен, кеуде белгілермен марапатталды.

Мерекелік шара Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.