Республика күніне берілген әлеуметтік төлемді қайтару керек: Павлодарда жалған ақпарат тарады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда Республика күніне орай мүмкіндігі шектеулі балаларға төленген әлеуметтік көмекті кері қайтару қажет деген ақпарат тарады. Қала әкімдігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, ата-аналарды алаңдамауға шақырды.

Фото: gov.kz

Мессенджерлерде екі немесе одан да көп мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға төлем әр балаға жеке-жеке қате аударылғаны туралы хабарламалар пайда болған. Онда ата-аналардан артық түскен қаражатты мемлекетке қайтару талап етіліп жатқаны айтылады.

Алайда Павлодар қаласының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік төлемдерді қайтаруға қатысты жағдайлар расталмаған. 

— Республика күніне орай мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға әлеуметтік төлемдер бұрын қолданыста болған қағидаларға сәйкес есептелді. Оған сай әлеуметтік көмек мүгедектігі бар әр балаға жеке-жеке берілетін. Биылғы сәуір айынан бастап жаңа қағидалар күшіне енді. Алайда техникалық ақауға байланысты жүйе төлемдерді бұрынғы тәртіппен есептеуді жалғастырған. Осыған байланысты алынған қаражатты қайтарудың қажеті жоқ деген шешім қабылданды. 2027 жылдан бастап төлемдер жаңа қағидаларға сәйкес жүргізіледі, — деп хабарлады қалалық әкімдіктен.

Сондай-ақ әкімдік өкілдері ата-аналардан қайта есептелген әлеуметтік төлемдерді қайтару талап етіліп жатқаны туралы ақпарат жалған екенін мәлімдеді. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәліметтердің таралуына жол бермеуге шақырды.

Еске сала кетейік, Алматыда ақылы жолды жеңілдікпен төлеуді ұсынатын жалған SMS-хабарламалар жіберілген.