АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның және әлемнің 1-ракеткасы Елена Рыбакина 12-18 қазанда өтетін Ухань (Қытай) WTA 1000 турниріне қатыса алмайтын болды.
Қазақстандық теннисші кеше Бейжің WTA 1000 турнирінің екінші айналымында рейтингіде 118-орындағы армениялық Алина Чараевадан жеңілген еді.
Ойыннан кейін Елена Рыбакина табанындағы жарақаты мазалағанын айтқан болатын.
— Бір апта демалыс аламын. Аяғым толық жазылып, 2026 жылғы маусымды аяқтау үшін қалған турнирлерде ойнаймын деп үміттенемін, — деді Рыбакина.
Елена Рыбакина былтыр Уханьда ширек финалға дейін жеткен еді. Енді сол ұпайын қорғай алмайды.
Одан кейін 19-25 қазанда өтетін Нинбо (Қытай) WTA 500 додасы күтіп тұр. Мұнда Елена Рыбакина өткен жылғы чемпиондық атағын әрі 500 рейтингілік ұпайын қорғауға тиіс.
Еске салайық, мұның алдында Александр Бублик жұптық сында Бейжің турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).