«Риддер жылу электр орталығының жаңа инвесторларымен кездесу өткіздім. 10 күн ішінде жылу орталығының жаңа иелері жөндеу жұмыстарының толық кестесін ұсынумен қатар, қажетті жабдықтар мен компоненттердің, мамандардың тізімі мен санын көрсетуі қажет. Төртінші және бесінші қазандықтарға, көмір берудің резервтік трактісіне, өрттен зардап шеккен орталық ғимаратының өзіне ерекше назар аударуы шарт. Барлық жабдықтар мен желілер күрделі жөндеуді қажет етеді», - деп жазды өңір әкімі өзінің Іnstagram парақшасында.
Даниал Ахметов қиын жағдайда дүрбелеңге салынбай, түсіністік танытқан Риддер қаласының тұрғындарына алғыс білдірді. Сонымен қатар, шаһардағы төтенше жағдай режимі алынып тасталатынын мәлімдеді.
«Риддер қаласы әкіміне жылу электр орталығы тоқтаусыз істеп тұруына байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін алып тастауға тапсырма бердім», - деп түйіндеді облыс басшысы.
Еске сала кетейік, былтыр 7 қарашада Риддер қаласындағы жылу электр орталығында апат болып, 22 мыңнан астам абонентке үшін жылу беру азайтылған еді. Осы жағдайдан кейін шаһарда жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланған болатын.