Риддер тұрғындары үйлерінің салқындап кеткеніне шағымданды

Фото: ШҚО әкімдігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы тұрғындары үйлерінің салқындап кеткеніне шағымданған соң тексеру жүргізілді.

Кешелі бері Гагарин көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары батареялардың суықтығына шағымданып жатыр. Соған орай ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддерге барып, тексеру жүргізді. 

- Аймақ басшысы жылу электр орталығы мен Гагарин көшесіндегі үйлердің біріне барып, жылумен жабдықтау жүйесінің жұмысын тексерді. Қазіргі таңда ЖЭО-да №2, 3, 4, 5 және 6 қазандықтар жұмыс істеп тұр, №1 қазандық резервте. Орталық штаттық режимде жұмыс істеп, қалаға жылу тұрақты түрде берілуде. Гагарин көшесіндегі тұрғын үйлерде жылу құбырлары мен батареялардың бітелгені анықталды, - деп хабарлады облыс әкімдігінен. 

Кейбір жағдайларда үйдің жылу тораптарындағы қысымды дұрыс реттеу қажеттігі байқалып отыр. 

- Үйге беріліп жатқан жылутасымалдағыштың температурасы жоғары, кері желіде де жылу бар. Анықталған барлық мәселе бойынша жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы облыс әкімінің жеке бақылауына алынды, - делінген ақпаратта. 

Еске салсақ, осыған дейін Риддерде өнеркәсіптік нысанда топырақтың ластануы мен заң бұзушылықтар анықталғаны хабарланған