Ведомство Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, риелторлық қызметті реттеуге бағытталған шараларды әзірлеп жатыр.
Бастаманың негізгі мақсаты – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және риелторлар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету.
Ең алдымен, риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай қағидаларын енгізу жоспарланып отыр. Онда мамандардың жұмыс тәртібі, клиенттермен келісімшарт жасау және қызмет көрсету талаптары нақты белгіленбек.
Әсіресе келісімшарттың мазмұнына баса назар аударылады. Құжатта қызмет құны, комиссия мөлшері мен оны төлеу тәртібі, сондай-ақ екі тараптың құқықтары мен міндеттері анық жазылуы тиіс.
Тағы бір маңызды ұсыныс – риелторлық қызметке тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия талап етуге жол бермеу.
– Клиент риелтор кімнің мүддесін қорғайтынын және қандай қызмет үшін қаражат алатынын алдын ала білуі қажет. Бұдан бөлек, риелторлардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту жоспарланған. Министрлік қолданыстағы ұлттық стандарт негізінде қызмет көрсету сапасына, кәсіби әдепке, мәмілелерді сүйемелдеуге және клиенттермен жұмыс істеуге қатысты міндетті талаптар енгізу мүмкіндігін қарастырады, – делінген министрлік ақпаратында.
Қазіргі уақытта риелторлардың кәсіби стандарты да әзірленіп жатыр. Бұл құжат мамандардың кәсіби қызметіне қажетті білімін, дағдыларын және біліктілік деңгейін айқындайды.
Сонымен қатар риелторлық қызметті өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылған.
Бұл жүйе аясында кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талаптар белгілеп, олардың жұмысын бақылауға, азаматтардың шағымдарын қарауға және талаптарды бұзған мамандарға қатысты шаралар қабылдауға қатыса алады.
Аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен риелторлардың кәсіби біліктілігін растау тетігі де пысықталып жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесі қаралады.
Бұл риелторлардың кәсіби даярлығына нақты талаптар қоюға және олардың біліктілігін растау тәртібін белгілеуге негіз болмақ.
Нәтижесінде азаматтар қызметіне жүгінетін риелторлардың кәсіби біліктілігі туралы көбірек ақпарат ала алады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту де көзделген.
Министрлік депутаттармен бірлесіп, азаматтарға қажетсіз қызметтерді мәжбүрлі түрде ұсынуға, келісімшартқа тұтынушы үшін тиімсіз талаптар енгізуге және негізсіз комиссия алуға жол бермеу үшін қосымша заңнамалық шараларды талқылап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін риелторлық қызметті реттеуге қатысты заң жобасы Құрылтайда қаралып жатқаны хабарланған болатын. Құжат аясында қызмет көрсетуге ортақ талаптар белгілеу, риелторлардың жауапкершілігін күшейту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланып жатыр.