Сапар понтификтің Уругвайда болған екінші күні өтті. Бұған дейін таңертең Рим Папасы Аргентинамен шекаралас Пайсанду қаласында месса өткізді. Оған шамамен 40 мың діндар қатысты. Монтевидеоға оралғаннан кейін католик шіркеуінің басшысы Касавалье ауданындағы Гваделупа Құдай анасы шіркеуіне барды.
Жергілікті мәліметтерге сәйкес, бұл ауданда тұрғындардың шамамен жартысы абсолютті кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Касавальеде кісі өлтіру көрсеткіші де жоғары. Бұл – Монтевидеодағы қылмыс деңгейі ең жоғары аудандардың бірі. Жергілікті шіркеу мұнда ұзақ уақыттан бері әлеуметтік жұмыстар жүргізіп келеді. Атап айтқанда, азық-түлік себеттерін таратады, балалар мен жасөспірімдерге арналған асхана ұстайды, отбасыларға тұрғын үйлерін жөндеуге көмектеседі және тозығы жеткен баспаналардың орнына жаңа үйлер салады.
Қауымдастық өкілдерімен кездесу барысында Рим Папасы приходтың «Гваделупа отбасылары» жобасы аясында салынған 12 жаңа тұрғын үйге батасын берді. Шіркеу настояторы понтификтің сапарының діни ғана емес, әлеуметтік маңызы да зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жылдар бойы қоғам назарынан тыс қалған адамдар өздерін көпшіліктің назарында сезінуге мүмкіндік алды.
Лев XIV-тің Уругвайға сапары оның Оңтүстік Америкаға жасаған 12 күндік турнесінің алғашқы кезеңі болды. Уругвайдан кейін понтифик Аргентина мен Перуге барады. Аймақтағы ең зайырлы мемлекет саналатын Уругвайға Рим-католик шіркеуінің басшысы соңғы рет шамамен 40 жыл бұрын барған. Елге бұған дейін 1987–1988 жылдары Иоанн Павел II сапар жасаған.
Сапар Рим Папасының өкпе қатерлі ісігіне байланысты операция жасатқанынан үш апта өткен соң ұйымдастырылды. Соған қарамастан Ватикан сапар бағдарламасы толық көлемде жүзеге асатынын растады.
Лев XIV өз сөздерінде аймақтағы ортақ мәселелерді шешу үшін елдердің бірлескен күш-жігер жұмсауы қажеттігін, сондай-ақ қоғамның ең осал топтарына қамқорлық көрсетудің маңызын атап өтті.
Айта кетелік Рим Папасы Лев XIV Парижде 700 мың адам қатысқан месса өткізген еді.