АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Рим (Италия) WTA 1000 турнирінде бастапқы кездесуін 8 мамыр күні өткізеді.
Жарысты екінші айналымнан бастайтын қазақстандық теннисші әлемнің 47-ракеткасы, грекиялық Мария Саккаримен ойнайды.
Осыған дейін қарсыластар өзара алты рет кездесіп, соның бесеуінде Е.Рыбакина жеңген.
М.Саккари Римде алғашқы айналымда рейтингіде 92-орындағы аустриялық Лилли Таггерден айласын асырды – 5:7, 6:3, 6:0.
Грекиялық спортшыны жеңген жағдайда Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 33-ракеткасы, қытайлық Синьюй Ван немесе рейтингіде 42-орындағы Александра Эаланың қай жеңгенімен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 77-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымнан аса алмай қалды. Ол кеше рейтингіде 48-сатыдағы чехиялық, 19 жастағы Тереза Валентоваға жол берді – 3:6, 2:6.
Осының алдында Мадридте Ю.Путинцева Т.Валентовадан 4:6, 6:4, 6:3 есебімен басым түскен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Рим мастерс турнирінде азулы қарсыласын ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).