Римде АҚШ пен Иран келіссөздерінің 2-ші кезеңі аяқталды

Фото: Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 19 сәуірде Италияның астанасы Римде өткен Иран мен АҚШ делегациялары арасындағы ядролық келісім бойынша жанама кеңесулердің екінші кезеңі аяқталды. Бұл туралы Mehr агенттігі хабарлады.

Басылымның мәліметінше, келіссөздер «жоспардағыдай» өткен.

— Осының барлығы екінші турдың да сындарлы рухта аяқталғанын көрсетеді, — делінген хабарламада.

Келіссөздер Оман Елшісінің резиденциясында өтті. Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи басқарғаны атап өтілді. Министр итальяндық әріптесі Антонио Таянимен де кездесті.

Келесі кезең 26 сәуірде өтеді

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи келесі кезеңге дейін сарапшылар деңгейінде техникалық консультациялар өтетінін мәлімдеген.

Иран мен АҚШ арасындағы жанама келіссөздердің келесі кезеңі Ислам республикасы Сыртқы істер министрлігінің басшысы Аббас Арагчи мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың қатысуымен сәуірдің 26-сы күні Оманда өтеді.

— Сәрсенбі күні Оманда сарапшылар деңгейінде техникалық консультациялар болады, ал келесі сенбіде біз сарапшылардың жұмысының нәтижелерін талқылау үшін тағы да кездесеміз, — деді Арагчи Иранның мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде Оманда Тегеран мен Вашингтон арасында Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу мақсатында жанама келіссөздер өтті. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мен АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысты.

МАГАТЭ бұған дейін Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздерді қайта бастауға көмектесуге дайын екенін мәлімдеген болатын.