МАГАТЭ Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздерді қайта бастауға көмектесуге дайын
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның ядролық қадағалау органының басшысы тараптар «өте маңызды кезеңде» тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси бейсенбі күні ұйым Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздерді қолдауда белсенді рөл атқаруға дайын екенін мәлімдеді.
Ол Тегеранда Иранның жоғары лауазымды тұлғаларымен, соның ішінде сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен Иранның атом агенттігінің басшысы Мохаммад Эсламимен кездескеннен кейін, уранды байыту деңгейіне қатысты халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығы артқан жағдайда, дипломатиялық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
— Біз бұл келіссөздердің өте маңызды кезеңінде тұрмыз. Уақытымыздың аз екенін білеміз, сондықтан осы процеске жәрдемдесу үшін осында келдім, — деді Гросси Эсламимен бірлескен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, МАГАТЭ дипломатияға мүмкіндік беретін кеңістікті сақтау үшін күш салуды жалғастырады.
— Келісімге қол жеткізу оңай процесс емес, бірақ біз табысқа жетуге ниеттіміз, — деді ол.
Гроссидің Тегеранға сапары осы сенбі күні Римде Оманның делдалдығымен өтетін Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің екінші раундының қарсаңында жүзеге асты. Бұл келіссөздер бір апта бұрын өткен, АҚШ-тың 2018 жылы ядролық келісімнен шыққанынан бергі ең жоғары деңгейдегі кездесу жалғасы болмақ.
Intensive day of discussions in Tehran today with Iran’s Vice President and Head of @aeoi_ir Mohammad Eslami, and Deputy Foreign Minister @Gharibabadi. pic.twitter.com/3DEbAQe86C
— Rafael Mariano Grossi (@rafaelmgrossi) April 17, 2025
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен өткен алғашқы келіссөздер раундына қатысқаннан кейін, Рафаэль Гроссимен болған кездесуді «пайдалы» деп атап, агенттік Иранның ядролық мәселесін бейбіт жолмен шешуде «шешуші рөл» атқарады деген үмітін білдірді.
Сонымен қатар ол МАГАТЭ-нің жұмысына саяси ықпал етуге жол бермеу қажеттігін ескертіп, қазіргі келіссөздерді бұзуға тырысып жатқан күштердің бар екенін атап өтті.
Бұған дейін, ақпан айында МАГАТЭ Иран уранының байытылу деңгейіне — 60%-ға жетуіне байланысты «айтарлықтай алаңдаушылық» білдірген баяндама жариялаған. Бұл көрсеткіш ядролық қару жасауға жақын деңгей саналады. Ал Тегеран өз ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатты көздейтінін алға тартып отыр.
Тегеран мен Вашингтон арасындағы келіссөздер АҚШ президенті Дональд Трамптың қатаң риторикасы аясында өтіп жатыр. Ол дипломатия сәтсіз аяқталған жағдайда Иранға қатысты әскери сценарийді жоққа шығармайтынын мәлімдеген.
Рафаэль Гросси Иранға сапар шылардың алдында француздың Le Monde газетіне берген сұхбатында Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуге «жақын» екенін айтқан болатын.
Бейсенбі күні Иран сыртқы істер министрі Хаменеи атынан арнайы жолдаумен Мәскеуге барды. Ал өткен сенбіде Оманда Иранның ядролық бағдарламасына қатысты алғашқы келіссөздер раунды өтті.