Иран уранды байыту құқығы талқылауға жатпайтынын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Иран мен АҚШ келіссөзінің келесі раунды алдағы сенбіде Италия астанасында өтеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Иранның уранды байыту құқығы талқылауға жатпайды, деп мәлімдеді сәрсенбі күні Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи осы демалыс күндері Римде өтетін Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша АҚШ-пен келіссөздің екінші раунды алдында.
Аракчи сейсенбіде АҚШ-тың бас келіссөз жүргізушісі Стив Уиткофтың Тегеран Вашингтонмен келісімге келу үшін «ядролық байыту мен жаппай қырып-жоятын қару бағдарламасын тоқтатып, жою керек» деген пікіріне жауап берді.
- Біз Уиткофтың қарама-қайшы мәлімдемелерін естідік, бірақ нақты ұстанымдар келіссөз үстелінде нақтыланады, - деді Аракчи.
- Біз Иранның байытуға (уранды) қатысты ықтимал алаңдаушылықтарға қатысты сенім орнатуға дайынбыз, бірақ байыту принципі талқыланбайды, - деп атап өтті Иран СІМ басшысы.
Соңғы уақытқа дейін ядролық келіссөздің екінші раунды өтетін жер туралы қарама-қайшы ақпарат айтылып келген. Осы арада Иран сәрсенбі күні келіссөздің келесі раунды 19 сәуір, сенбі күні Римде өтетінін растады. Бұл ретте Оман келіссөзге тағы делдал болады.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси сәрсенбі күні Le Monde газетіне берген сұхбатында Иранның ядролық бомба жасаудан «алшақ емес» екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме МАГАТЭ басшысы жоғары лауазымды тұлғалармен келіссөз өткізген Теһранға келуден бірнеше сағат бұрын жасалды.
Бұдан басқа, Құрама Штаттар бір күн бұрын Иранға қатысты санкциялық бағдарлама аясында жүк тасымалдау компаниялары мен мұнай танкерлеріне жаңа санкциялар енгізді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі хабарлады.
Келіссөз АҚШ пен Иранның арасында соңғысының ядролық бағдарламасы аясында шиеленіс күшеюіне байланысты өтіп жатыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп егер келісімге қол жеткізілмесе, Иранның ядролық бағдарламасына әуеден соққы береміз деп бірнеше рет қорқытқан болатын.
The New York Times хабарлауынша, Трамп Израильдің ирандық ядролық нысандарына мамыр айына жоспарлаған шабуылынан бас тартып, оның ядролық бағдарламасын шектеу үшін Иранмен келіссөз жүргізуді қолдады.
Газеттің мәліметінше, Трамп Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға премьер осы айдың басында Ақ үйге барған кезде мұндай шабуылды қолдамау туралы шешімін хабарлады.
Еске сала кетсек, дүйсенбі күні Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро АҚШ пен Иран келіссөзі еуропалық мүдделерге сай болуы тиіс екенін мәлімдеді.
АҚШ-тың сыртқы саясаты аясында Қазақстандағы уран бағасы төмендеді.