Римде үйсіздерге арналған қысқы шатырлар орнатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Рим муниципалитеті қыстың қақаған суығында үйсіз-күйсіз адамдар паналайтын баспана құрылысына 4,3 млн еуро бөлді, деп хабарлайды Euronews.

Фото: Видеодан скриншот

2024 жылдың көктемінде Рим қалалық кеңесі қыс айларында үйсіздерге баспана ретінде қызмет ететін шатырлар салуға 4,3 миллион бөлу туралы шешім қабылдады.

Жоспарға сәйкес, Термини, Тибуртина, Остиенсе және Сан-Пьетро станцияларындағы төрт шатыр құрылымы 70 адамды қабылдап, тәулік бойы жұмыс істеуі керек. Оларды 2025 жылы Римнің мерейтойына қарай ашу жоспарланған болатын.

Римде 22 мыңға жуық баспанасыз адам бар, жергілікті билік баспаналардың санын көбейтуге уәде еткенімен, бұл шара мұқтаждардың аз ғана бөлігін қамтиды.

ISTAT мәліметі бойынша 2021 жылы Италиядағы 2198 муниципалитетте 96 197 үйсіз адам болған.

Олардың жартысы алты муниципалитетте тұрады, ең үлкен пайызы, яғни 23 пайызы — Римде. Ел астанасынан кейін Милан (9%), Неаполь (7%), Турин (4,6%), Генуя (3%) және Фоджия (3,7%).

Еуропарламент лайықты баспанаға қол жеткізу — адамның негізгі құқығы деп санайды. Осыған сүйене отырып, Еуроодақ заң шығарушы органының мүшелері 2020 жылғы 24 қарашадағы қарарында одаққа мүше елдерден 2030 жылға қарай баспанасыздық мәселесін шешуді талап етті.

Бұған дейін Италия елшісі Қазақстан туралы кітап жазып жатқаны анықталды.