Италия елшісі Қазақстан туралы кітап жазып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Қазақстандағы елшісі Марко Альберти «Kazakhstan in 10 words» атты кітап жазып, оны баспаға дайындауда. Бұл туралы дипломат «Kazakh Tourism» компанияның басшысы Қайрат Садуәқасовтың «Born Bold.Travel Boldcast» авторлық подкастында айтты.

Италияның Қазақстандағы елшісі
Фото: видеодан алынған скрин

Елші өз еңбегінде жеке тәжірибесі мен қызметі арқылы Қазақстанды сипаттайды. Кітап елімізді жаңа қырынан таныстыруды мақсат етеді және жақынырақ танысқысы келетіндерге қызықты болады.

Автордың сөзінше, кітап Қазақстанды сипаттайтын 10 басты сөзге негізделеді. Бұл туындының бірегей ерекшелігі болмақ.

 — Бірнеше досымнан қандай сөзбен өз елдерін сипаттайтынын сұрап, осы идея туындады. Содан кейін мен осы сөздерге байланысты өз тәжірибемді сипаттауды шештім. Бұл — менің кітабымның негізгі концепциясы. Мен Қазақстанды ішінен көрсетуге ниеттімін. Кітап 50-60 беттен тұрады. Ол бестселлер ретінде жоспарланған жоқ. Мен оны Қазақстанда жүрген кезіміздегі естеліктер ретінде жасадым. Меніңше, егер сізде маңызды тәжірибе болса, онымее бөлісу керек. Бұл адамзаттың дамуына көмектеседі. Мен кітапты менен кейін келетін адамдарға қалдырғым келеді. Олар менің тәжірибемді пайдаланып, біз осында жасаған нәрсені жақсарта алады, — деді елші.

Елші кітапты 2 тілде жариялауды жоспарлап отыр. Оны тек қазақстандықтар ғана емес, басқа елдердің тұрғындары да оқи алады.

Подкасттың толық шығарылымы мына сілтемеден көруге болады. 

Соңғы жаңалықтар