АСТАНА. KAZINFORM — Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрестен қазақстандық Ризабек Айтмұхан (97 келі) күміс жүлдегер атанды.
Отандасымыз жартылай финалда ирандық Мохаммадмобин Азимиден басым түсті. Тартысты өткен белдесуде қазақстандық балуан 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Ризабек финалда жапониялық Араш Ёшидамен белдесті.
Белдесу барысында қарсыластар тартысты бәсеке өткізді. Алғашқы минутта жапониялық балуанның белсенділігі байқалды. Ол қатарынан үш ұпай олжалап кетті.
Белдесудің екінші айналымында жапониялық ұпай қорын төрт ұпайға молайтса, Ризабек небәрі бір ғана ұпайды місе тұтты.
Осылайша қазақстандық балуан қарсыласына 1:7 есебімен жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты.
Екі жыл бұрын Азия чемпионатьнда аталған қарсыласынан 3:11 есебімен жеңіліп қалған еді.
Айта кетсек, ел құрамасынан Рахат Қалжан (57 келі) 3-орын үшін белдесуде Ирак спортшысы Хусейн Альбехадилальборсті қапы қалдырып, қола жүлдегер атанды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.