АСТАНА. KAZINFORM – Тиранада (Албания) 23 жасқа дейінгі жастар арасында еркін күрестен өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ризабек Айтмұқан финалға шықты.
Қазақстандық балуан 97 келіге дейінгі салмақта ширек финалда белоруссиялық Владислав Козловтан айласын асырды.
Ризабек жартылай финалда ресейлік Шамиль Гаджиалиевті 7:4 есебімен тізе бүктірді.
Р.Айтмұқан 27 қазан күні финалда ирандық Махди Морафамен белдесетін болады.
Ризабек барлық белдесудің де оңайға түспегенін айтып, ирандық балуанмен соңғы бәсекеге дайын екендігін, алтын үшін барын салатынын жеткізді.
Р.Айтмұқанның өткен жылы ересектер арасында әлем чемпионы атанғаны белгілі. Сондай-ақ биыл 20 жасқа дейінгілер арасында да үздік шықты.
Тиранада жартылай финалда үндістандық Чираг Чирагқа 0:8 есебімен есе жіберген тағы бір қазақстандық Алан Оралбек (57 кг) қола жүлде үшін кілемге шығатын болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ризабек Айтмұқанның әлем чемпионатын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).