Бениннің бұрынғы Экономика және қаржы министрі Ромуальд Ваданьи президент сайлауында 94,05 пайыз дауыс алып, жеңіске жетті.
Оның жалғыз қарсыласы – бұрынғы мәдениет министрі Поль Хункпе 5,95 пайыз дауыс жинады. Комиссия мәліметінше, сайлауға қатысу көрсеткіші 58,75 пайыз болған.
Ваданьиді қызметінен кетіп жатқан президент Патрис Талон, сондай-ақ президенттік лагерьдегі «Жаңару жолындағы прогрессивті одақ» және «Республикалық блок» партиялары қолдады.
Елдегі басты оппозициялық күш – Демократтар партиясы қажетті қолдаудың болмауына байланысты өз кандидатын ұсына алмады. Сонымен қатар партия сайлау додасына қатысушылардың ешқайсын қолдамайтынын мәлімдеді.
Дауыс беру барысында сайлаушылар белсенділігі төмен болды, әсіресе Котону және Порто-Ново сияқты ірі қалаларда халықтың қатысуы аз тіркелді.
Бұған дейін қаңтар айындағы парламент сайлауында да төмен қатысу көрсеткіші байқалған еді. Ол кезде сайлау учаскелеріне сайлаушылардың 36 пайыздан сәл астамы ғана келген.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Сакка Лафия дауыс беру процесін «бейбіт жағдайда өтті» деп бағалады.
Сонымен қатар Бениннің азаматтық қоғам ұйымдары құрған бақылаушылар платформасы шамамен 100-ге жуық құқықбұзушылық тіркелгенін хабарлады. Олардың қатарында сайлау учаскелерінің мерзімінен бұрын ашылуы және дауыс беру басталмай тұрып жәшіктердің бюллетеньдермен толтырылуы секілді жағдайлар бар.
Өткен жылдың қарашасында жүргізілген сайлау реформасынан кейін Бенин президентінің өкілеттік мерзімі бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Осылайша Ромуальд Ваданьи мемлекет басшысы қызметін 2033 жылға дейін атқарады.
Еске сала кетсек, былтыр Бенинде мемлекеттік төңкеріс болған еді. Көп ұзамай ел билігі мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің жолын кесті.