Роза Рымбаева Қытайда бақ сынайтын Рухия Байдүкеноваға сәттілік тіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Сахнада жарты ғасырлық тәжірибесі бар Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасына қонаққа келді. Сұхбат барысында әнші биыл Қытайда өтетін халықаралық «Silk Way Star» жобасына тоқталып, Қазақстан атынан қатысатын Рухия Байдүкеноваға қолдау білдірді. Кезінде Рухияның үлкен сахналарға шығуына жол ашқан примадонна шәкіртінің вокалдық қабілетіне жоғары баға беріп, ақ батасын берді.

Фото: Видеодан алынған скрин

Роза Рымбаева Рухия Байдүкенованы шығармашылық жолының бастауынан бері жақсы танитынын, тіпті оның «Славян базары» байқауына таңдалуына тікелей ықпал еткенін атап өтті. Халық әртісінің айтуынша, Рухияның Қытай сахнасында бағын сынауы — заңды құбылыс.

— Мен Рухияны әнші ретінде өте жоғары бағалаймын. Оны «Славян базары» таңдау кезінде комиссия мүшесі ретінде Рухия баруы керек деп шешім қабылдаған едім. Ол барып, жеңіп келді. Енді, міне, Димаштан кейін Қытайда тәжірибе жинақтап жүр. Рухия — табиғаттан үлкен дарын берілген әнші, оның диапазоны опера жұлдыздарынан бір де кем емес. Сондықтан оның Қытай халқын таңғалдыратынына сенемін, — деді Роза Рымбаева.

Фото: Видеодан алынған скрин

50 жыл бойы сахнаның ыстық-суығын көрген әнші халықаралық байқауларда тек вокал ғана емес, таңдалған репертуардың да маңызы зор екенін ескертті. Ол Рухияның лауреаттар қатарынан көрінетініне нық сенім білдірді.

— Ең бірінші — орындалатын шығарма жоғары деңгейде болуы керек. Егер әнің сапалы болса, қазылар алқасы мен қатысушылар сені қай тілде айтсаң да мойындайды. Рухияның мүмкіндігі мол, ол Қазақстанды жақсы деңгейде көрсете алады. Оның Гран-при немесе биік лауреаттық дәреже иеленетініне сенімім мол, — деп ақ тілегін жеткізді.

Бағдарлама барысында әнші Әли Оқапов та Рухияның репертуары дұрыс таңдалса, Қытай елінде Димаштан кейінгі үлкен жаңалық болатынын айтты.

— Қытай халқы таңғаларлық вокалдық форматты жақсы көреді. Рухия дәл сондай форматта өзін көрсете алады, бұған еш күмән жоқ. Ол бірден көрерменнің көзайымына айналып, тіпті жеңімпаз болуы әбден мүмкін, — деді Әли Оқапов.

Сұхбат соңында Роза Рымбаева өзінің 17 мамыр күні Астанада өтетін концертіне де тоқталып, онда талантты жастармен дует айту жоспарда бар екенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауының жеңімпазы, Моңғолиядан келген Мишель Джозеф қазақ тілінде ән жазуды жоспарлап жүргенін мәлімдеген еді.