Рубио: USAID шетелдік көмек бағдарламаларын іске асыруды тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) Вашингтон мүддесіне сай келетін шетелдік көмек бағдарламаларын тоқтатады, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың жазбаша мәлімдемесінде айтылды. Мәлімдемеге сәйкес, аталған бағдарламалардың бір бөлігі енді Мемлекеттік департамент құзыретіне өтеді.
АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) 1 шілдеден бастап ресми түрде шетелдік көмек көрсетуді тоқтатады. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді.
— Әкімшілік бағытына сәйкес келетін және америкалық мүдделерді ілгерілететін бағдарламалар Мемлекеттік департаменттің құзыретіне өтеді. Олар бұдан былай тиімдірек және жүйелі түрде жүзеге асырылады, — деді Рубио.
Оның айтуынша, Вашингтон Америка Құрама Штаттарының гуманитарлық көмек пен экономикалық даму саласындағы дәстүрлі міндеттемелері сыртқы саясатта «алдымен Америка» қағидасына сай келуі тиіс деп есептейді.
— Салық төлеушілердің қаржысы алыс елдердегі сәтсіздікке ұшыраған үкіметтерді қаржыландыруға жұмсалмауы керек. Болашақта біздің көмегіміз нысаналы әрі уақытпен шектелген болады, — деді мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ, Рубио USAID агенттігінің посткеңестік кезеңнен бері салық төлеушілер қаражатына сүйенген үлкен бюджетке ие бола отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізе алмағанын айтты.
— Даму мақсаттары сирек орындалды, тұрақсыздық жиі күшейіп отырды, ал антиамерикалық көңіл-күй арта түсті. АҚШ-тан елеулі көмек алып отырған елдер көп жағдайда бұған жауап қатпайды, — деді ол.
Айта кетелік Рубио шетелдегі барлық USAID қызметкерлері жұмыстан шықсын деп бұйырған еді.