Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың жазбаша мәлімдемесінде айтылды. Мәлімдемеге сәйкес, аталған бағдарламалардың бір бөлігі енді Мемлекеттік департамент құзыретіне өтеді.
АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) 1 шілдеден бастап ресми түрде шетелдік көмек көрсетуді тоқтатады. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді.
— Әкімшілік бағытына сәйкес келетін және америкалық мүдделерді ілгерілететін бағдарламалар Мемлекеттік департаменттің құзыретіне өтеді. Олар бұдан былай тиімдірек және жүйелі түрде жүзеге асырылады, — деді Рубио.
Оның айтуынша, Вашингтон Америка Құрама Штаттарының гуманитарлық көмек пен экономикалық даму саласындағы дәстүрлі міндеттемелері сыртқы саясатта «алдымен Америка» қағидасына сай келуі тиіс деп есептейді.
— Салық төлеушілердің қаржысы алыс елдердегі сәтсіздікке ұшыраған үкіметтерді қаржыландыруға жұмсалмауы керек. Болашақта біздің көмегіміз нысаналы әрі уақытпен шектелген болады, — деді мемлекеттік хатшы.
Сондай-ақ, Рубио USAID агенттігінің посткеңестік кезеңнен бері салық төлеушілер қаражатына сүйенген үлкен бюджетке ие бола отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізе алмағанын айтты.
— Даму мақсаттары сирек орындалды, тұрақсыздық жиі күшейіп отырды, ал антиамерикалық көңіл-күй арта түсті. АҚШ-тан елеулі көмек алып отырған елдер көп жағдайда бұған жауап қатпайды, — деді ол.
Айта кетелік Рубио шетелдегі барлық USAID қызметкерлері жұмыстан шықсын деп бұйырған еді.