28 қараша күні Рудный қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын Оксана Огнева хабарласып,13 жасар ұлы Денис Матвеевтің жоғалып кеткенін айтқан. Ол мектепке шығып кетіп, содан үйіне оралмаған.
«Іздестіру операциясына 200-ден астам полиция қызметкері, ерікті және өртке қарсы қызмет өкілдері қатысты. Рудный қаласында күн сайын жаяу әскер мен автопатрульдер жұмыс істеді. Полиция қызметкерлері 2500-ден астам жеке тұрғын үй, 300-ге жуық шатырлы үйлерді тексерді. Құдықтар мен жылу трассалары қаралды. Іздестіру жұмыстарына дрон тартылды, оның көмегімен Тобыл өзенінің арнасы тексерілді», - деді Әлім Бажықбаев.
Белгілі болғандай, Денис Матвеев тәртіп сақшыларынан үнемі қашып жүрген. Сол себепті полицейлер оқушыны қызметтік киімсіз іздеген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Д.Матвеев Рудный қаласындағы жақын маңдағы Юбилейный ауылынан табылды.
«9 желтоқсанда сағат 18-00 шамасында №2 саяжайдың күзетшісі Павел Алименко сол маңайдан ұл баланы байқаған. Бұл туралы ол осы учаскеге қызмет көрсететін учаскелік полиция инспекторы Есенболат Есмағамбетовке хабарлады. Полицей баланы Рудный қалалық полиция басқармасына жеткізді», - деп мәлім етті Ә.Бажықбаев.
Бүгін Павел Клименко Рудный қаласының полиция бастығы атынан алғыс хатпен марапатталды, сондай-ақ оған ақшалай сыйлық табыс етілді. Учаскелік полиция инспекторына да алғыс хат берілді.