Руслан Назаров СҚО полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментін енді Руслан Назаров басқарады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Руслан Назаров 1974 жылы туған. Ол ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1998 жылы Ақмола облысы ІІБ-нің учаскелік полиция инспекторы қызметінен бастады. Бір жылдан кейін Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі болып тағайындалды. 

2004 жылы Ақкөл аудандық ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция бөлімін басқарды. Әр жылдары Есіл және Зеренді аудандық ішкі істер бөлімдері бастықтарының орынбасары қызметтерін атқарды.

2014 жылы Ақмола облысы ПД криминалды полиция басқармасын басқарды.

Руслан Назаров бұған дейін де СҚО қызмет атқарған. Ол облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары ретінде жедел қызметтердің, криминалдық полицияның және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің жұмысын үйлестірді.

2023 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында министрліктің Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды. 

Бұған дейін Әлібек Ахметов Ақтөбе облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалғанын жазған едік.