17:45, 12 Қараша 2013
С. Ахметов: Көлік қозғалысы саласында заңнаманы күшейту - кейін жол-патрульдік қызметінде жемқорлықтың артуына алып келуі мүмкін
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Серік Ахметовтің пайымынша көлік қозғалысы саласында заңнаманы күшейту - кейін жол-патрульдік қызметінде жемқорлықтың артуына алып келуі мүмкін. Бұл туралы ол бүгін Үкімет отырысында айтты.
«Қазіргі кезде белсенді енгізіліп жатқан заңнама арқылы жауапкершілікті күшейту - кейіннен ҚР Ішкі істер министрлігінің жол-патрульдік қызметінде жемқорлықтың артуына алып келмей ме?», - деп қойған С. Ахметовтің сауалына ҚР ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымов бұл бағытта техникалық қадағалауға баса назар аударылатындығын жеткізді. Үкімет басшысы жүргізушілер куәлігінен айырылмау үшін жол инспекторына кез келген ақша көлемін ұсынуға дайын болатындығын сөз етті. «Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларын қысқарту үшін заңнаманы күшейту бір мәселе. Ал, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы тұру қалай іске асырылады. Өйткені, жол-патрульдік қызметкері тарапынан жемқорлық белгілері арта түсуі ықтимал», - деп түйді С. Ахметов. Сөз соңында Премьер-Министр Ішкі істер министрлігіне бұл бағытта тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.