Сабыржан Аққалықов әлем кубогын аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында Қазақстан құрамасының боксшысы Сабыржан Аққалықов 1/8 финалдық жекпе-жегін өткізді.

Фото: ҚБФ

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 80 келіге көтерілген Сабыржан Аққалықов 1/8 финалда осы салмақтың көшбасшысы Жавохир Умматалиевпен (Өзбекстан) күш байқасты.

3 раунд бойы жоғары қарқында өткен жекпе-жекте төрешілер 3:2 есебімен қарсыласқа жеңісті берді.

Айта кетейік, әлем чемпионы, 70 келідегі тәжірибелі боксшылардың бірі саналатын Абылайхан Жүсіпов 1/8 финалда өткен әлем кубогының финалисі Кайан Рейеспен (Бразилия) жұдырықтасты.

Отандасымыз алғашқы раундтан жекпе-жекті толықтай өз бақылауында ұстап, 4:1 есебімен басым түсті.

Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан әлем кубогының екінші күні, 17 маусымда қазақстандық 3 боксшы шаршы алаңға шығатынын жазған едік.