«Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің атынан сайлау додасына түсіп отырған Сәдібек Түгел ешқандай партияға қатысы жоқтығын алға тартады. Ана тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ол барлық жерде тек мемлекеттік тілде сөйлеуге бекінген.
«Ұлы Дала Қырандары» халықтық қозғалысының ұрандары мен ұстанымдары:
«Ұлағатты ұрпақ - ұлттық ұстаным!»
«Ауыл - алтын бесігіміз!»
«Жемқорлыққа тосқауыл қоямыз!»
«Біз қырандармыз - біз біргеміз!»
«Жер - жанымыз, тіл-тұғырымыз!»
«Ұлы Дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы ар-намысқа, демографияға, шет елдерде тұратын қандастарымыздың атамекенге емен-еркін келулеріне, мемлекеттік тілдің мәртебесін өз деңгейіне жеткізіп, толық қолданысқа енгізуге, Алашорданың идеяларын жаңғыртуды қолға алуға, жемқорлықпен күресті пәрменді жүргізуге, «Билер сотын» енгізуге зор көңіл бөлмек.
Еске сала кетсек, кеше ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа келіп, қызметкерлермен кездескен болатын.
Ал, ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбеков ресми сайтында сайлауалды тұғырнамасын жариялады.
Сонымен қатар, кеше «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабында жиын өтті. Онда президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков өзінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
Үміткерлер халықпен кездесіп, дауыс жинау үшін үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен. Атап айтқанда, «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаева Алматы базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті.
Ал Әміржан Қосанов сайлауалды штабымен Солтүстік Қазақстанды аралап жүр.